Алтын бағасы тағы да рекорд жаңартып, 3100 доллардан асты, деп хабарлайды Reuters.
Дүйсенбіде алтынның бағасы бір унция үшін 3 106,50 долларды құрап , рекордтық деңгейге жетті.
АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтеріне және геосаяси тұрақсыздықпен бірге ықтимал экономикалық құлдырауға қатысты алаңдаушылық инвестицияның бұл активке жаңа толқынына әкелді, деп жазды Reuters.
Алтын жыл басынан бері 18 пайыздан астам қымбаттады. Осы айдың басында баға алғаш рет унция үшін 3 мың доллардан асты. Сарапшылар бұны экономикалық тұрақсыздық, геосаяси шиеленіс пен инфляцияға қатысты өсіп келе жатқан алаңдаушылықпен байланыстырып отыр.
Сонымен қатар, алтын бағасының көтерілуі бірқатар банктерді өз болжамдарын көтеруге итермеледі.
Goldman Sachs, Bank of America және UBS осы айда алтынның мақсатты бағаларын көтерді.
Goldman болжамынша, жыл соңына дейін баға унция үшін 3300 долларға жетеді, бұл оның бұрынғы 3100 доллар болжамынан жоғары. Bank of America 2025 жылы унция үшін баға 3 063 доллар және 2026 жылы 3 350 доллар болады деп болжайды, оның бұрынғы бағалауы сәйкесінше 2 750 және 2 625 доллар болған еді.
Трамп билікке келгеннен бері америкалық өнеркәсіпті қорғау және сауда тапшылығын азайту үшін жаңа тарифтерді енгізу жоспарларын алға тартты.
Ол 2 сәуірде жауап тарифтерінің жаңа пакетін жариялайды деп күтіліп отыр, деп хабарлайды Reuters.
Еске салайық, АҚШ әкімшілігі елден тыс жерде шығарылатын барлық көлікке 25 пайыздық импорттық баж салығын енгізеді.
Алтын бағасының көтерілуіне ішінара «Трамп факторы» деп аталатын себеп түрткі болғаны бұрын хабарланған болатын. Сондай-ақ асыл металдар бағасының жаңа рекорды жекелеген елдердегі ішкі саяси жағдайға байланысты.