Балық шаруашылығы комитеті Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының үйлестіруімен Қапшағай су қоймасында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясын бастады, акция маусым айына дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Акцияның мақсаты – су айдынын қолдануға тыйым салынған балық аулау құралдарынан тазарту арқылы балықтардың уылдырық шашу орындарына еркін көшуіне қолайлы жағдай жасау.
Аталған су қоймадан 20 шақырымнан астам заңсыз орнатылған балық аулау құралдары алынған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше акцияға табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері, ТЖД, Алматы облысы әкімдігінің мамандары, балық шаруашылығы субъектілерінің қызметкерлері, «Алматы қайық шеберлері» тобының еріктілері – барлығы 115 адам қатысып, іс-шараға 53 су көлігі мен 15 автокөлік тартылған.