Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Париж олимпиа дасының қола жүлдегері Назым Қызайбайға құрмет көрсетті.
Назым Қызайбай Ұлттық ұлан сапында 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол – ІІМ Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының аға маманы.
Ұландық спортшы жақында қазақ боксы тарихын жаңартты. Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында кезекті жеңісіне қол жеткізіп, үш дүркін жаһан үздігі атанды. Ол 2014, 2016 жылдары да әлем біріншілігінде топ жарған еді. Мұндай жетістікке тек әйелдер емес, ерлер арасында да бірде-бір боксшымыз жеткен емес.
Кездесу барысында ұландық боксшы әріптестерінің құрметіне бөленді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Талапкер Әміреев чемпион қызға Алғысхат пен гүл шоғын, естелік сый-сияпат табыстады. Еліміздің құқықтық тәртіп әскерінің намысын халықаралық деңгейдегі сайыстарда абыроймен қорғап жүргені ізін басқан әріптестеріне үлгі екенін жеткізді.
Н.Қызайбай сарбаздар мен сардарларға көрсеткен ілтипаты мен жылы лебіздері үшін алғыс білдірді. «Бүгінгі кездесу өте қызықты өтті. Ұлттық ұлан әр кез қолдау білдіріп келеді. Маған бұл – үлкен демеу әрі мәртебе. Оны жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта да сіздерді жарқын жеңістеріммен қуантуға барымды саламын», деді үш дүркін әлем чемпионы. Назым Абайқызы әскери бөлімнің құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңба қалдырды.