Үкіметте өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин «Жыл сайын 1 сәуірде eGov неге істен шығатынын және ол келесі жылы да қайталанама» деген сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы .
Иә, бүгін электронды үкімет платформасында қысқа мерзімді ақаулар байқалды. Бұл, ең алдымен, мектепке қабылдау қызметіне өтініш беру кезінде пайдаланушылардың көптігімен байланысты болды. Бірақ айта кетейін, платформа өте қысқа мерзімде қайта қалпына келтірілді, — деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, 1-сыныпқа құжат қабылдау қызметін бүгін 15:00-де іске қосу жоспарланған. Яғни сол уақыттан бастап ол толық қолжетімді болады.
Жалпы, eGov – азаматтар электрондық үкіметпен байланыс орнататын «терезе» ғана. Оның артында 2000-нан астам интеграциялық сервис бар, олар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен байланысты. Егер осы сервистердің біреуі істен шықса, ал әрбір мемлекеттік қызмет 5-тен 15-ке дейін осындай сервистерді қолданады, онда оған байланысты барлық қызметтер де уақытша жұмыс істемей қалады. Сондықтан бұл – өте үлкен экожүйе, — деді Ростислав Коняшкин.
Министрлік биыл жаңа eGov – eGov 3.0 платформасын іске қоспақ.
Бұл – толығымен жаңартылған, қайта жазылған портал. Оның кейбір компоненттері өткен жылдың соңында енгізілген, ал қалған бөлігі биыл толықтай жаңартылады. Қазіргі eGov 2013 жылғы технологиялық негізде жұмыс істеп тұр. Шынымды айтсам, ол өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеп келеді. Сондықтан біз осы өзгерістерді екі жыл бұрын бастадық, сервистер мен компоненттерді қайта жазып жатырмыз. Биыл сіздер жаңа платформаны көресіздер – ол әлдеқайда ыңғайлы, тұрақты және барлық мемлекеттік органдар мен азаматтар үшін қолайлы болмақ, — деп түсіндірді ол.