Құлсары қаласындағы жанармай бекетіндегі жарылыстан 14 адам зардап шегіп, екеуі қайтыс болды, деп хабарлайды 24kz.
Қайғылы оқиға Махамбет Өтемісұлы көшесіндегі жанармай бекетінде болды. Атырау облысының әкімі оқиғаға байланысты жедел штаб отырысын өткізді. Зардап шеккендер аудандық ауруханаға жеткізілді. Аймақ басшысының тапсырмасымен Атырау қаласынан күйік орталығының мамандары медициналық көмек көрсетуге қосымша күш ретінде жіберілді. Оқиға орнына өрт сөндіру және құтқару қызметтерінің 60 қызметкері мен 10 техникасы тартылды. Маңайдағы тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Өрттің аумағы мен себебі алдағы уақытта анықталады.
Алмагүл Әбілова, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жарылыс салдарынан барлығы 16 адам зардап шеккен. Оның екеуі оқиға орнында қайтыс болып, 14 адам Жылыой аудандық ауруханасына жеткізілген. Қазіргі жағдайда оның 4-еуі амбулаторлық жағдайда, яғни, жағдайларының қанағаттанарлық болуына байланысты үйіне қайтарылған. 10 адам стационарлық емге жатқызылды. Барлығының жағдайы орташа ауырлықта. Ауыр науқастар жоқ.
Назарали Селимов, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы:
- Жарылыс салдарынан жанында тұрған ғимараттың және газ құю бекетінің артында тұрған екі қабатты ғимараттың жануы анықталды. Жану көлемі барлығы 450 шаршы метр құрады.