Current Date: 10-06-2025

Ұлытау облысында алты спорт нысаны салынып жатыр

Ұлытау облысында бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды құрылыс жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды 24kz.

Қазіргі таңда өңірде 6 жаңа спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 5 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл жобалар облыстағы спорт саласын дамытудың 3 жылдық бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Сонымен қатар, қолданыстағы бірнеше спорт ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Жөндеу жұмыстары сапалы инфрақұрылым қалыптастырып, жастарды спортқа тартуға мүмкіндік береді.

Жезқазғанда байдарка мен каноэда ескек есушілердің олимпиадалық резервтегі мектебіне жаңа ғимарат салынып жатыр. Себебі, осыған дейін қолданыста болған нысан әбден ескірген. Жазда Кеңгір көлінде дайындалатын спортшылар қыста жаттыға алмай жүр. Жаңа базада физикалық жаттығу залы, жуыну бөлмесі, теориялық сабақтар өтетін арнайы кабинеттер қарастырылған. Спорт мектебінің директоры Константин Уткин бұл бізге жыл бойы үзіліссіз жаттығуға мүмкіндік береді дейді.

Константин Уткин, Байдарка мен Каноэда есу спорт мектебінің директоры:

- Мердігерлер нысанды жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Әрине, қуаныштымыз. Мұнда спортшылар үшін барлық жағдай жасалатын болады. Құрылыс жұмыстарының қазіргі қарқыны жақсы. Күнделікті бақылап отырмыз.

Жыл соңына дейін бұдан бөлек, тағы 4 спорт нысаны ел игілігіне беріледі. Жезқазған қаласында, Жезді мен Жаңаарқа кентінде заманауи спорт кешені және Қаражалда жабық хоккей корты салынып жатыр.

Ринат Алматов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда белгіленген графикке сәйкес құрылыс жүргізілуде. Ешқандай қалыс қалу жоқ. Жоспар бойынша орындалып жатыр. Обьектілерді өз кезең-кезеңімен тапсыру алға қойылған. Облыс бойынша спорттық инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткіші әзірге 50%-тің шамасында. «Жаңа нысандар қолданысқа берілгенде бұл көрсеткіш анағұрлым артады», - дейді мамандар.

Марат Айдашев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Демеушілер есебінен салынған «Жігер» спорт кешені ашылғалы Жезқазғанда бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны артты. Қазір облыс бойынша спортпен үздіксіз айналысатындардың көрсеткіші 35%-ке жетті. Алдағы атқарылатын жұмыс ауқымды. Тұрғындардың тілегін тыңдай келе, 3 жылдық жоспар жасадық. Болашақта өңірде қысқы спорт түрлеріне арналған нысандар салынады.

Жоспарға сай жақында тағы бірнеше нысанның құрылысы басталады. Жезқазғанда мұз сарайы, Сәтбаев қаласында спорт интернат, Жәйрем кенті мен Кеңгір ауылында спорт кешені салынады. Жалпы құны 11 млрд теңге болатын бұл жобалар қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева