Орал қалалық сотының төрағасы Руслан Жұмағұлов алаяқтық қылмысы үшін 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылды. Ол сот залында тұтқындалды. Адвокат Фазылғалиев та алаяқтыққа және пара беруге оқталу бойынша айыпталып, 2 жыл 7 айға сотталды. Олар өз кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге келді. Бұрынғы сот төрағасы болған Руслан Жұмағұлов пайдакүнемдік мақсатта қасақана ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысқа барған. Ісі сол сотта қаралып жатқан бір жазасын өтеушінің адвокаты Фазылғалиев судьяға беремін деп одан 1,1 млн теңге алып, тек 200 мың теңгесін Жұмағұловқа берген . Қалған қаражатты өз мұқтажына жұмсаған. Жұмағұлов көмектесуге уәде беріп, ақшаны қызметтік кабинетіндегі сейфке салған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тінту кезінде ақшаны тәркіледі.
Әлия Теберікова, судья:
Руслан Жұмағұлов ҚК 24-бабы 3-бөлігі 190-бабына, яғни алаяқтыққа оқталуға сәйкес айыпты деп танылып, 2 жыл 7 ай және 15 күнге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Н.Фазылғалиев алаяқтыққа және пара беруге оқталу баптары бойынша айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Оған үш жыл адвокат қызметімен айналысуға тыйым салынды.
Ардақ Мұратқызы