Current Date: 09-06-2025

Өскеменде сал ауруына шалдыққан балалар орталығы жаңа ғимаратқа көшті

Өскеменде церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған жалғыз оңалту орталығы жаңа ғимаратқа көшті, деп хабарлайды 24kz.

Жалға алған нысаны сатылып кеткен соң жабылудың аз-ақ алдында қалған әлеуметтік мекеме қызметі, осылайша, қайта серпін алды. Мемлекеттің қолдауы арқасында мүгедектігі бар 40 балаға енді арнайы жабдықталған қолайлы кабинеттерде кәсіби қызмет көрсетіледі. Болашақта бұл жерде 18 жасқа толған жеткіншектер де оңалту шараларынан өте алады.

Өскеменде ерекше қажеттілігі бар 1716 бала бар. Соның 123-і церебральды сал ауруына шалдыққан. Мүгедектігі бар балаларды оңалтумен тегін айналысатын қаладағы жалғыз «Демеу» орталығының жұмыс істеп келе жатқанына 6 жыл болды. Орталық 40 балаға қолдау көрсетеді. Нұрила Көшербаева әу бастан осында 10 жастағы немересін үзбей әкеп жүр. «Дертін жеңілдетіп, денсаулығын нығайту үшін мекеменің алар орны айрықша», - дейді ол. Сондықтан жабылуы мүмкін екенін естігенде қатты қынжылыпты.

Нұрила Көшербаева, зейнеткер:

- Жабылып қалса қайда барар едік, біз баламызды қайда апарар едік?! Барлық жерде ЛФК, басқа нәрселер өте қымбат, Ондайға күнде бере алмаймыз ғой, бізге осы орталық керек.

Дегенмен қаншама ата-ананы алаңдатқан мәселе оң шешілді. Бюджеттен қаражат бөлініп, орталық жаңа ғимаратқа көшті.

«Демеудің» жетекшісі Мадина Әуренованың өзі де мүгедек бала тәрбиелеп отырған ана. «Талай жыл бір жерден екінші жерге көшіп, жалға берушілердің ыңғайына жығылып келген біздің ұжым үшін бүгін үлкен қуаныш», — дейді ол.

Мадина Әуренова, оңалту орталығының жетекшісі:

- Күннен күнге бала саны көбейе берді, күн сайын балаларға қызмет көрсеткен сайын балалардың нәтижесі көрінген сайын бала саны арта берді. Ақыр соңында бір ғимараттан бір ғимаратқа көше беруге тура келді. Бүгінгі күні Үкімет бізді өз қамқорлығына алып, осындай кең де тамаша ғимарат беріп отыр.

Маңызды әлеуметтік мекеменің тұрақты ғимаратқа ие болуына облыс билігі қолдау көрсетсе, қала кәсіпкерлері де қарап қалмады.

Камшат Баубекова, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Ғимартқа ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 100 млн теңгеден астам ақша бөлінді. Осы орталықтың ішін жабдықтау үшін қаламыздың белсенді кәсіпкерлері көмектесті, ЛФК кабинеттеріне, арнайы кабинеттерге жиһаздар және құралдар сыйлыққа берген.

Жаңа нысан арнайы орталықтың қызмет көрсету аясын да кеңейтеді. Тамыздан бастап оңалту мекемесі 18 жасқа толып кеткен жеткіншектерді қабылдауды да көздеп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов