Түркістан облысында Кеңес Одағының Батырлары мен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімдерін көшелерге беру жұмыстары басталды. Бұл — тарихи жадыны сақтау және ел азаматтарының ерлігін ұрпақ санасына сіңіру мақсатындағы жалпыреспубликалық бастаманың бір бөлігі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Белгіленген талаптарға сәйкес, ардагерде кем дегенде бір ордені болуы тиіс. Осы критерийге сәйкес, өңірден 122 ардагердің тізімі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданып, олардың ішінен 47-сіне келісім берілген.
«Қазіргі уақытта аудан және қала әкімдіктері ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 шілдедегі №211 бұйрығына сәйкес көшелерге аталған ардагерлердің есімдерін беру жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл бұйрықта әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау, транскрипциясын нақтылау және өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидалары бекітілген», деп мәлімдеді Түркістан облысының мәдениет басқармасы.
Жыл соңына дейін Түркістан облысындағы барлық 47 көшеге Кеңес Одағының Батырлары мен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімі ресми түрде беріледі.
Сонымен қатар, «Мемориалдық тақталар орнатуға рұқсат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына (ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 26 мамырдағы №149 бұйрығымен бекітілген) сәйкес, жергілікті әкімдіктер сол көшелер бойына ақпараттық тақтайшалар мен мемориалдық белгілер орнатумен айналысады.
Еске салсақ, соғыс ардагерлерінің есімін көшелерге беру бастамасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай Республикалық ономастика комиссиясы ел көлемінде топонимдерді жаңарту туралы шешім қабылдаған.