Current Date: 09-06-2025

Қазақстан балалары интернетті 5 жастан бастап қолданады

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева ЮНИСЕФ жүргізген зерттеу нәтижелерін жариялады . Зерттеу балалардың цифрлық кеңістіктегі мінез-құлқы мен онлайн ортадағы қауіпсіздігіне арналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Біздің серіктесіміз ЮНИСЕФ цифрлық технологияларды қолдану аясында өте маңызды зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалар интернетті алғаш рет шамамен 5 жасынан бастап пайдалана бастайды», деді Динара Закиева Teen accounts жобасы мен жастардың онлайн қауіпсіздігіне арналған іс-шарада.

Балалар мен жасөспірімдердің шамамен 66%-ы интернетті әлеуметтік желілерде қарым-қатынас жасау үшін қолданады.

«Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 21%-ы кибербуллингке ұшырағанын, ал 20%-ы әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдарды достар қатарына қосқанын айтты. Бұл өте алаңдатарлық көрсеткіштер, себебі технологиялар күн сайын дамып жатыр, ал біз қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай құралдарды пайдалану қажеттігін түсінуіміз керек», деп атап өтті Закиева.

Оның айтуынша, бұл бағытта Қазақстан халықаралық цифрлық платформалармен, соның ішінде Meta компаниясымен белсенді ынтымақтастық орнатқан.

«Біз онлайн қауіпсіздіктің негіздері туралы түсіндіретін бейнематериалдар жасауды ұйғардық. Бұл жұмысты былтыр бастағанбыз. Сонымен қатар біз негізгі мүдделі тараптар — министрлер, әлеуметтік желілердің өкілдері арасындағы диалогтарды белсенді түрде бастап кеттік. Мақсат — өзара келісім табу», деп қосты ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Закиева мұндай іс-шаралардың, соның ішінде бүгінгі кездесудің, жастармен тікелей диалог үшін маңызды екенін атап өтті.