Ақтауда «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Jas tolqyn» өнер байқауы өтті. Қайырымдылық шараға еліміздің батыс өңірлерінен 350 жеткіншек қатысып, бақ сынаған. Жеңімпаздарға Мәскеуде өтетін байқауға жолдама берілді.
Биыл байқауға Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысынан -1380 өтініш түскен. Іріктеу кезеңінен соның 350-і өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар саны жыл сайын артуда. Байқауда жас таланттар «Әлеуметтік видео», «Дәстүрлі ән», «Хореграфия», «Аспаптық жанр» және «Эстрадалық вокал» аталымдары бойынша өнер көрсетті.
Тихон Козлов, байқауға қатысушы:
Отбасылық ансамбльмен келдім. Өзім домбыра аспабында ойнаймын. Күйден басқа дәстүрлі ән мен жырға барамын. Бұл конкурстың балаларға беретіні — ауылдағы балаларды Мәскеуге шығарады. Қазақтың ұлттық киімдері мен домбырасын, аспаптарын дарытады.
Сайыс қорытындысы бойынша 31 өнерпазға Гран-при жүлдесі берілді. Енді жеткіншектер жылдың соңында, Мәскеуде өтетін «Каспий Құбыр Консорциумы — дарынды балаларға» атты халықаралық байқауына қатысады.
Марат Нүкеев, қазылар алқасының мүшесі:
Біріншіден, ауыл-аймақтағы балаларының таланттарын анықтап, соларды үлкен сахнаға жеткізу мақсатымыз. Үлкен сахнада ән айтып, күй тарту әр баланың арманы деп ойлаймын.
«Jas tolqyn» байқауы 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Жоба осы кезге дейін көптеген ауыл балаларының шабытын оятып, талантын шыңдады. Байқау «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ-ның қолдауымен, қайырымдылық бағдарламасы аясында жүзеге асып келеді.
Аягөз Оралбайқызы