Current Date: 10-06-2025

Алматы қаласы мен Шаньдун провинциясы арасында меморандум жасалды

2024 жылы Алматы қаласына Қытайдан 99 мыңнан астам турист келді.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға көп, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан – Қытай" туризм жылы аясында Алматыда Шаньдун провинциясының туристік ұйымдарымен меморандумға қол қойылды. Мақсаты – бірлескен туристік өнімдерді әзірлеу, Қытайдан келетін туристік ағынның өсуі және Алматының инфрақұрылымын кеңейту.

Меморандум Алматының халықаралық туристік орталық ретіндегі ұстанымын нығайтады және Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашады.

Айта кетейік, Алматы қаласының туризм басқармасы өткен аптада былтырғы табыстың есебін жариялаған болатын. 2024 жылы Алматыға 2,3 млн турист келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,8%-ға көп екен. Мұның ішінде шетелдік туристердің үлесі айтарлықтай артты. 2,3 млн адамның 27%, нақты айтқанда 686 мыңы шетелден келген.

Қалаға келетін туристер есебінен жергілікті бюджетке түсетін қаражат көлемі артып, қала экономикасына оң әсер еткен. Мегаполисте туризм саласынан түскен салық көлемі 90,7 млрд теңгені құрады.