Current Date: 11-06-2025

АҚШ-тағы наразылық күшейіп барады

АҚШ-тағы тәртіпсіздіктердің аумағы кеңейіп барады. Бүлік басқа аймақтарда да шыға бастады, деп хабарлайды 24kz.

Пентагон Лос-Анджелеске 700 теңіз жаяу әскерін жіберді. Олардың негізгі міндеті – көші-қон агенттерін қорғау.

Ернат Рахметолла, тілші:

- Техас штатының орталығы Остин және Даллас қалаларында халық бас көтерді. Полиция наразы топқа көзден жас ағызатын газ шашып, таратуға тырысып жатыр. Көшеге шыққандар бейбіт ереуіл өткізіп жатқанын, алайда полиция оларға күш қолданып, шерудің шырқын бұзғанын айтады.

Блиц:

- Біз басбұзарлық жасаған жоқпыз. Жай ғана жиналып, биліктің мигранттарды қуып жатқан саясатына бейбіт түрде наразылығымызды білдірдік. Алайда полиция бізге оқ атып, бірнеше белсендіні қамауға алды. Олар бізге өздері тиісіп жатыр.

Нью-Йоркте де ондаған адам көшеге шықты. Fox News телеарнасы Trump Tower ғимаратының жанында ереуілдеткен 24 адамды қамауға алғанын хабарлады. Оларға алдымен ол жерден кету туралы бірнеше рет ауызша ескерту жасалған. Қалада қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қосымша полиция жасағы шықты.

Лос-Анджелестегі аласапыранда полиция журналиске оқ атты. Австралияның 9News телеарнасының тілшісі Лорен Томаси тікелей эфирде репортаж өткізіп жатқанда оның шоршып түскені кадрге түсіп қалған. Абырой болғанда, атылған резеңке оқ болып шықты.

Австралияның премьер-министрі Энтони Албаниз оқ тиген отандасына бірден қоңырау шалған.

Энтони Албаниз, Австралия премьер-министрі:

- Бүгін таңертең Лоренмен сөйлестім. Халі жақсы екен. Ол мықты. Бірақ оған оқ атылған жағдай өте қорқынышты. Оған негізсіз оқ атылды. Бұл дұрыс емес. Біз өз алаңдаушылығымызды АҚШ әкімшілігіне жеткіздік. Журналистерге оқ атылмау керек, оларға құрмет көрсетілуі қажет.

АҚШ президентінің мұны ойлайтын әзірге еш мұрсаты жоқ. Трамп Калифорния штатының губернаторымен айқасып жатыр. Ақ үй басшысы: «Жергілікті билік Лос-Анджелес тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жеткілікті әрекетті жасамады деп айыптап, тіпті дәрменсіздігі үшін губернаторды қамауға алу керек» деді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Лос-Анджелестегі ахуалды оқып-біліп жатырсыздар. Жағдайды тұрақтандыру үшін Біз Ұлттық гвардияны жібердік. Әскерилер шынымен де ондағы көптеген мәселені шешуге көмектесті. Жергілікті билік қол қусырып қорқып отырды. Әскерлерімізге алғысым зор. Ал губернатордың жасап жатқан ісіне қараңыздаршы. Ол біздің ұлы штаттарымыздың бірін құрдымға жіберіп жатыр. Егер мен араласпағанда, егер біз гвардияны жібермегенімізде, жағдай тіпті қиын болар еді. Өйткені елде тәртіп пен қауіпсіздік болуы тиіс.

Калифорния басшысы қарап отырған жоқ. Гэвин Ньюсом Трампты бірден сотқа берді. Ол губернатордың сұрауынсыз Ұлттық ұлан әскері Лос-Анжелестегі бүліктіі басуға жіберу Конституцияға қайшы деп есептейді.

Гэвин Ньюсом, Калифорния штаты губернаторы:

- Трамптың Лос-Анджелеске әскер жіберу әрекеті өзін күшті етіп көрсеткісі келетін, аса қауіпті президенттің амбициясын қанағаттандыру үшін жасалып отыр. Бұл жауапсыз әрі мағынасыз қадам. Және мұны біздің сарбаздарға деген құрметсіздік деп білемін."

Президент әкімшілігінің тоқтайтын түрі жоқ. Пентагон Лос-Анджелеске тағы 700 Теңіз жаяу әскер жіберді.

Авторы: Ернат Рахметолла