Current Date: 12-06-2025

Ақтөбеде екі сәбиін өлтірген әйелге қатысты сот аяқталды

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотының үкімімен үш жастағы ұлы мен он бір айлық қызын тұншықтырып өлтірген 29 жастағы әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, арнайы мекемеге емдеуге жіберілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқиға 23 наурызда Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағашта орын алды. Атырау облысының Сағыз ауылынан ата-анасының үйіне келген келіншек шизофренияның асқынған түріне ұшырауынан осындай қылмысқа барған. Тергеу кезінде оның босанғаннан кейінгі ауыр күйзелістен айыға алмағаны анықталып, тергеу изоляторынан Талғардағы жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға жіберілді.

Атырау облысында тұратын күйеуі қылмыстық іс орын алғанда өзінің вахталық жұмыста болғанын хабарлаған. Айыпталушы информатика пәні мұғалімі, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдап, тұрмыс құрғаннан бастап Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылындағы мектепте жұмыс істеген. Осыған дейін психиатриялық есепке тұрмаған.

Сотқа айыпталушы қатыспады. Сарапшылардың шешімін сотталушының қорғаушысы таныстырды.

Ақтөбе облысы