Лос-Анджелестегі миллиондаған адамның, әсіресе мигранттардың өміріне қауіп төніп тұр. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары мен босқындар айтып жатыр. Мигранттар көшеге шығудан қалған. Олар полиция еш себепсіз ұстап, қамап тастайды деп қорқады. Сонда да басын бәйгеге тігіп, күнкөріс қамы үшін жұмысқа ұрланып барып жүргендер бар.
Чарли Фладис, Лос-Анджелес тұрғыны:
- Қаладағы жағдай өте ауыр. Бұлай дұрыс емес. Шаһар көз алдымызда қирап жатыр. Бізге бейбітшілік керек. Шерулер тоқтамай, ахуал оңалмайды.
Даниэль Фабиано, Лос-Анджелес тұрғыны:
- Әскер кіргізудің не қажеті бар еді? Губернатор, мэр мен полиция: «Әскер керек емес», – деді. Олар: «Бәрін өзіміз реттейміз», – деп бірнеше рет айтты. Жаппай тәртіпсіздікке Федералдық үкіметтің өзі кінәлі. Жағдай ушықпаса, түзелетін түрі көрінбейді. Орталық билік бәрін бізге қарсы қойып жатыр.
АҚШ-та миллиондаған адам көшеге шығуы мүмкін
Жаппай наразылыққа Нью-Йорк, Даллас, Остин, Вашингтон, Сиэтл, Сан-Франциско штаттары да қосылды. Кей жерлерде белсенділер бейбіт шеру талабын бұзып, полицияға тас, кірпіш лақтырып, көші-қон қызметінің ғимараттарына шабуыл жасады. Сақшылар оларға қарсы газ шашып, қамауға алып жатыр. Сарапшылар: «14 маусымда барлық штатта миллиондаған адам бас көтеріп, 1,5 мыңнан астам шеру болуы мүмкін», – деп ескертті.