Бүгін Алматы әуежайының қызметкерін пышақпен қорқытып, кепілге алған ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Желілік полиция басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"7 наурызда Алматы әуежайында тексеру аймағына жақындап, тексеру инспекторының шашынан ұстап алып, асхана пышағымен қорқытқан ер адам ұсталды.
Құқық бұзушыдан суық қару алынып, полиция бөлмесіне жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды", — делінген Желілік полиция басқармасының баспасөз хабарламасында.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында. Бұл факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Сондай-ақ полиция өкілдері оқиға салдарынан ешкімнің зардап шекпегенін атап өтті.