Current Date: 14-03-2025

ЖРВИ белгілері қандай және одан үйде қалай емделуге болады


2024 жылғы 13 ақпанда Қазақстан бойынша ЖРВИ және тұмаумен ауыратын 19 760 науқас тіркелген.


Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) дегеніміз – тыныс алу жолдарының ауруларын тудыратын вирустар тобы. Тұмау – оның бір түрі ғана.

"Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" филиалының дерегінше, 2024 жылғы 13 ақпанға дейін Қазақстан бойынша ЖРВИ және тұмаумен ауыратын 19 760 науқас тіркелген. Оның ішінде 11 463 (58%) науқас – 14 жасқа дейінгі балалар.

ДДСҰ мәліметі бойынша, жыл сайын осы аурумен ауыратын науқастар саны артып келеді. Оның таралуының басты себептерінің бірі – урбанизация, адамдардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы және олардың құрлықаралық қозғалысы.

ЖРВИ себебі мен жұғу жолдары қандай?

Бұл ауру ауа тамшылары арқылы жұғады. Науқас адам түшкіріп, жөтелген кезде вирус ауаға тарайды. Сыртта болғанда күн сәулесі әсерінен бұл вирустар тез өледі. Ал жабық бөлмеде ылғал жоғары болғандықтан, олар тез тарайды.

ЖРВИ қоздырғыштары өте көп, бірақ ең көп таралғандары келесілер:

  • А, В, С типті тұмау;
  • парагрипп;
  • аденовирустық инфекция;
  • респираторлық синцитиальды инфекция;
  • риновирустық инфекция;
  • коронавирустық инфекция;
  • бокавирустық инфекция;
  • метапневмовирустық инфекция;
  • энтеровирустық инфекция.

Ауру күз-қыс және қыс-көктем кезінде қатты өршиді. Бұл осы маусымдарда адам иммунитетінің төмендеуімен байланысты.

Патологиялық процесс кезеңі

Ағзаға енгеннен кейін вирус тыныс алу жолдарының шырышты қабығының эпителийіне еніп, сол жерде көбейіп, одан әрі қабылдаушы жасушаны бұзады. Қоздырғыштың қалдықтары қанға еніп, қан тамырларына әсер етеді. Болашақта вирустың осы штамына қарсы иммунитет дамиды.


Оқи отырыңыз: Нанды қалай жеу керек? Диетолог кеңесі


ЖРВИ және тұмау белгілерінің айырмашылығы қандай?

Тұмау мен ЖРВИ-дің клиникалық белгілері қатты ұқсайды және қоздырғыштарын бір-бірінен ажырату қиын.

ЖРВИ басты белгілері:

  • әлсіздік, жөтел, мұрыннан су ағуы, тамақ ауруы және қышу, дене температурасының жоғарылауы (кейде дене температурасы жоғарыламауы мүмкін);
  • тамақтың шырышты қабығының, таңдай доғаларының, увуланың қызаруы, жұтқыншақтың артқы қабырғасында түйіршіктердің пайда болуы (лимфа фолликулаларының ұлғаюы);
  • мұрын шырышты қабығының қызаруы және ісінуі;
  • таңдай бадамша бездері негізінен өзгеріссіз қалады;
  • конъюнктиваның қабынуы;
  • тыныс алу жолдарының бірнеше бөлімдерінің зақымдануы.

Барлық вирустық ауруларға тән, бірақ қоздырғыштары ЖРВИ-ден аздап өзгешеленетін белгілер:

  1. Тұмау қысқа уақытқа созылады, бірінші күні алғашқы белгілері пайда болады. Дене температурасы қатты жоғарылап, қас пен көздің айналасы ауырып тұрғандай болады. Науқастар құрғақ жөтелге шағымдануы мүмкін. Тыныс алу дұрыс болмай, өкпе аурулары асқынады.
  2. Дауыстың өзгеруі, тамақтың қарлығуы, құрғақ жөтел.
  3. Мұрынның шырышты қабығы зақымдалып, сыртқы терісі жарылады. Адамның иіс сезу қабілеті жоғалады.
  4. Аденовирустық инфекция тонзиллит, ринорея, конъюнктивит түрінде көрінеді, жалпы интоксикация белгілері өте айқын болады. Адам кіші дәретке аз барады, күніне 6 ретке дейін баруы мүмкін.
  5. Науқас ентігіп, ерні көгереді. Әсіресе жас балалар тыныс ала алмай қиналады.
  6. Короновирустық инфекция жұқтырғанда адам қатты әлсіреп, мүлдем иіс сезбей қалады. Бас айналып, тамағы ауырады, құсады, іші ауырады. Өкпе, жүрек, бүйректің тамырлары зақымдалады.

ЖРВИ-ді қалай емдейміз?

  1. ЖРВИ-мен ауырған кезде төсекте жатып емделген абзал. Көбірек сұйықтық ішу қажет. Дене температурасы 38 жарымнан асса, ыстықты басатын дәрілер ішкен жөн. Басқа қандай дәрілер ішу керек екенін дәрігер өзі айтады. ЖРВИ кезінде антибиотик тағайындамайды. Себебі олар вирусқа қарсы жұмыс істемейді, тек бауырға салмақ түсіреді. Мұндай дәрілерді вирустық инфекциямен қатар бактериялық инфекция тараған кезде ішкен жөн.
  2. Дәрігерлер ЖРВИ болған кезде міндетті түрде көп су ішуге кеңес береді. Бұл ағзаны құрғап кетуден сақтайды. Шырышты қабықтар вирусты ары қарай ағзаға жібермеуге тырысатындықтан, олар маңызды рөл атқарады. Ал егер ағза құрғап кеткен болса, шырышты қабықтар өз қызметін атқара алмай қалады. Мұрыннан су ағу, кеудедегі қақырық – ағзаның қорғаныш реакциясы. Алкоголь, кофе, газдалған сусын ішуге болмайды. Орнына су, ыстық шөп шай ішкен абзал.
  3. Бөлменің ылғал деңгейін бақылау қажет. Орталық жылу жүйесіне қосылған пәтерлерде ылғал нормадан 15-20 пайыз төмен болады. Осындайда мұрын қуысы мен тамақаты құрғап кетуден сақтандыру үшін тұз салынған сумен шайған абзал.
  4. Егер басыңыз бен тамағыңыз қатты ауырса, парацетамол мен ибупрофен ішіңіз. Ол дене температурасын түсіреді.
  5. Вирустар құрғақ бөлмеде тез таралатындықтан, бөлмені желдетіп тазалап алыңыз. Тұмауратып жүргенде қозғалсаңыз, вирус денеге тез тарап, ауру асқынып кетеді. Сол себепті бірнеше күн үйде болған артық болмайды.
  6. Әсіресе аяғы ауыр әйелдердің абай болғаны жөн. Өзінен ЖРВИ белгілерін байқаса, бірден дәрігерге барғаны абзал. Кей препараттар бірінші триместер кезінде іштегі нәрестеге аса қауіпті.

Оқи отырыңыз: Гриппол плюс және Инфлювак тетра. Тұмауға қарсы қандай екпе алған дұрыс?


Үйде бар нәрселермен қалай емделеміз?

Бүгінгі таңда вирустар қатты мутацияға ұшырайтындықтан, үйде бар нәрселер бүрынғыдай жақсы көмектеспеуі мүмкін. Дегенмен дәрігерлер әжелеріміз кеңес беретіндей шайға таңқурай салып, сүтке бал мен май араластырып ішуге кеңес береді. Суық тиген кезде ыстық су ішкен өте пайдалы. Сондай-ақ зімбір, бал және лимон араластырып ішкен шай да жақсы көмектеседі. Олар иммунитетті нығайтып, қабынуды басады.

Аурудың алдын алу

Дәрігерлер эпидемия кезінде балалар мен иммунитеті әлсіз жандарға көп адам жүретін жерлерге бармауға кеңес береді. Әсіресе мектептерде оқушылар ауырып бастағанда карантин енгізген жақсы.

Сондай-ақ:

  • Жұмыс, дүкенге баруға, қоғамдық көлікке мінуге мәжбүр жасы үлкендерге қолын қайта-қайта сабынмен жууға кеңес беріледі.
  • Мұрынды теңіз немесе кәдімгі тұзбен шайған абзал.
  • Медицина мамандары тұмау маусымына алдын ала дайындалуға кеңес береді. Бұл үшін алкоголь, шылым шегуден бас тартып, тәулігіне 8 сағат ұйықтау қажет. Сондай-ақ рационда көкөністер мен жемістер санын көбейткен дұрыс.
  • Ауырған кезде ғана емес, үнемі бөлмені ылғалдандырып тұрған абзал. Әсіресе дәрігерлер балалар бөлмесіне арнайы ауа ылғалдандырғыштар қоюға кеңес береді.
  • ЖРВИ әртүрлі вирус себебінен туындайтындықтан, оны емдейтін әмбебап вакцина жоқ. Дегенмен жыл сайын мамандар белгілі бір қоздырғыштарды басатын әртүрлі дәрі-дәрмек ойлап тауып жатыр.
  • Күзде тұмауға қарсы вакцина салдырған абзал. Дәрігерлер маусым жақындағанда вирустың қай түрі кең таралатынын жақсы біледі. Алайда вакцина мүлдем ауырмайсыз дегенді білдірмейді. Десе де ол аурудың жеңіл өтуіне көмектеседі.

Оқи отырыңыз: Жүрек саулығын сақтау үшін не істеу керек? Дәрігерден кеңес


Жедел жәрдемнің қандай сұрақтарына дайын болу қажет?

Жағдайыңыз қатты нашарлап, үйге жедел-жәрдем шақырған болсаңыз, келесі сұрақтарға жауап беруге дайын болыңыз:

  1. Атыңыз кім және жасыңыз нешеде? Бұл науқастың кім екенін білу үшін қойылатын базалық сұрақ.
  2. Аурудың белгілері қандай болды?
  3. Жөтелдіңіз бе?
  4. Мұрныңыздан су ақты ма?
  5. Тамағыңыз ауырды ма?
  6. Дене қызуы нешеге дейін көтерілді?
  7. Әлсіздік бар ма?
  8. Аурудың белгілері қай кезде байқала бастады? Бұл сұрақтың жауабы жағдайыңыздың қаншалықты ауыр екенін түсінуге көмектеседі.
  9. Сізге бұған дейін диагноз қойылған ба еді? Медбикелерге бұрын ЖРВИ және басқа да респираторлық аурулардың болғаны туралы міндетті түрде хабарлаңыз.
  10. Аллергия мен созылмалы аурулар бар ма? Мысалы, астма, диабет, жүрек-қан тамырлары аурулары жағдайыңызды бұдан бетер асқындыруы мүмкін.
  11. Дәрі іштіңіз бе?
  12. Тыныс алумен қиындықтар болды ма?
  13. Жағдайыңыз барған сайын асқынып бара ма? Әлде ауырған сәттен бастап ешқандай айырмашылық жоқ па?
  14. Сізге ұқсас белгілері бар адамдармен сөйлестіңіз бе?
  15. Дене қызуыңыз көтеріліп тұр ма?
  16. Вакцина салдырған ба едіңіз?
  17. Мекен-жайыңыз бен телефон нөміріңіз қандай?

Мамандар бұдан өзге де қосымша сұрақтар қоюы мүмкін.


Источник: “https://informburo.kz/kaz/paydaly-kenes/zrvi-belgileri-qandai-zane-odan-uide-qalai-emdeluge-bolady”