Атыраулық шаруалар үшін қысқы мал азығын дайындау қиындап барады.
Климаты қатал, шабындығы аз өңірде жем-шөп шығынын мемлекеттің субсидиялауы екіталай боп кетті. Мысалы, 2021-23 жылдары шаруалардың шығынын өтеуге облыс бюджетінен 6 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінсе, былтыр субсидия мүлде төленбей қалды. Бұның себебі не?
Манап Құлбасов төрт жыл бйойы мал бордақылаумен айналысады. Бағымдағы мал қоңды болса, пайдасы да мол. Тек күндіз-түні қолда ұсталатын жылқының шығыны да баршылық. Осы алаңда жылына 300-350 бас жылқы мен сиыр бордақыланады. Орташа шығын 15 млн теңге шамасында. Себебі жем тасымалы мен суармалы жоңышқа қыруар қаражат қажет етеді.
Манап Құлбасов, мал бордақылау алаңының басшысы:
- Малды ұстағасын жерде сапалы қылып әрі көп қылып ұстау керек. Шығыны көп оның. Жылына шөп дайындайтынымыз бар, Жоңышқа 100 гектар егіп отырмыз. 4 жыл бұрын егілді оны суаратын дождевалкасы бар, оның тоғы бар суы бар,сосын жаңағы жұмысшылардың еңбекақысы соляркасы бар жылна 3-4 рет орылады.
Индер ауданында 400-ге тарта шаруашылық ата кәсіпке ден қойған. Олар қысқы мал азығын көршілес Орал өңірі мен Ақтөбеден тасымалдайды. Бұған дейін жем-шөп дайындауға кеткен шығынды мемлекет субсидиялайтын. Бірақ былтыр ол қаражат төленбей қалды.
Абай Әбдіров, Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Негізінен ауданымыз қуаңшылық аймақта орналасқан. Жем-шөп тапшылығы байқалады. Жылда осы өзекті мәселелердің бірі. 2022 жылы 85 шаруашылық ірі сабақты мал азығын дайындағаны үшін субсидия алды. 2023 жылы 150 шаруа қожалығы алды.
Бұл облыстағы мал шаруашылығымен айналысатын 2200-дей шаруашылыққа ортақ мәселе. Бәрі төрт түлікті ет бағытында өсіріп отыр. Ал Үкімет былтыр субсидияны тек сүт бағытындағы шаруашылықтарға берген. Облыстағы жалғыз тауарлы сүт фермасына мал азығының шығынын өтеу үшін 162 млн теңге төленді. Қалғандары әлі күтумен отыр.
Жасұлан Сұлтанғалиев, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- 2024 жылы қосымша бюджет қаражатының бөлінбеуіне байланысты мал азығына субсидия төленген жоқ. Биылғы жылы қосымша бюджет қаражаты бөлінген кезде осы бағыт бойынша субсидиялау жоспарланатын болады. Былтырғы қажеттілік бойынша 2 млрд теңге қажет мал азығының субсидиясына.
Былтыр облыс бойынша 605 мың тонна шөп дайындалды. Оның басым бөлігі өзге өңірлерден әкелінді. Яғни мемлекеттен қолдау болмаса, Атырауда мал ұстау оңайға түспейтіні анық, дейді шаруалар.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин