Current Date: 14-06-2025

Қостанайда әскери міндеттілердің оқу-жаттығуы өтіп жатыр

Қостанайда аумақтық қорғаныстың резервтегі құрамы кезекті оқу-жаттығуға жиналды.

Бұл жолы 200-ден астам әскери міндетті шақырылған. Олар он күн бойы атыс, тактикалық дайындықтарын жетілдіреді. Жиынға шақырылғандардың бәрі медициналық тексерістен өтеді.

Оқу-жаттығу жиынына қатысушылардың бірі Асылбек Қибеков. Ширек ғасыр әскери қызметте болған запастағы майор 20 жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан. Қарулы күштер ардагері әскери жиынға шақыртуды құп көріп, қайтадан сапқа тұрды.

Асылбек Қибеков, әскери жиынға шақырылушы:

- Маған аумақтық бригада батальонының командирі міндеті жүкелді. Бұл жерде әркім атқарған әскери қызметі, әзірлік деңгейіне байланысты түрлі бағытта дайындықтан өтеді. Мысалы офицерлер құрамы командирлік қабілеттерін шыңдайды.

Жиынға шақырылғандар әуелі медициналық тексерістен өтеді. Тек жарамды дегендері оқу-жаттығу жиынына жіберіледі.

Салтанат Қайрат, әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығы:

- Осы әскери міндеттілердің, біріншіден, біз медициналық дайындығын қарастырамыз. Егерде арыз-шағымдар болатын болса, олар жаңағы военный комиссияға жіберіледі. Ол жақтан түбегейлі тексерістен өтеді. Ал егер созылмалы ауру айқын белгілері болатын болса, оны жақын жердегі стационарға немесе военный госпитальға жіберіледі.

Оқу-жаттығу жиынының басты мақсаты — стратегиялық нысандарды қорғауға дайын тұру. Бұл тұрғыда бөлімшелердің бірлескен іс-қимылын үйлестіру, жауынгерлік машықты жетілдіру аса маңызды, – дейді әскерилер.

Вячеслав Мор, аумақтық қорғаныс батальонының мобильді рота сержанты:

- Тактикалық дайындық, әскери топография бойынша оқу сабақтары өткізіледі. Сондай-ақ бір апта атыс қаруымен түрлі жаттығулар болады. Жауынгерлер жылжымалы нысананы және тікұшақтан жоғарыдан атудың әдіс-тәсілдерін меңгереді.

Бастапқы кезеңде ел бойынша әскери борышын өтеген 2 мыңға жуық азамат оқу-жаттығу жиынына шақырылады деген ақпарат бар. Олардың саны Қарулы Күштер қажеттілігіне қарай өзгеруі мүмкін.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров