Current Date: 15-06-2025

Қытай атом энергетикасын дамытуға күш салып жатыр

Қытайлар атом энергетикасын дамытуға күш салып жатыр , деп хабарлайды 24kz.

Көрші ел алдағы 10 жылда атом реакторларының санын екі есе арттырады. Осы арқылы энергетикалық қауіпсіздікті түбегейлі шешпекші. Бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыру көлемі де айтарлықтай ұлғайған. Жуырда ел үкіметі тағы 10 энергоблок салу туралы шешім шығарды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайдың бұл саладағы тәжірибесі 90-жылдары басталған. Қазір ең көп ядролық реактор салынып жатқан бірден бір ел. Әлем бойынша атом энергетикасы дамыған мемлекеттер арасында үздік үштікке кіреді. Бүгінде 50-ден астам реактор жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек, мемлекеттің аумағында 28 атом энергоблогының құрылысы жүріп жатыр. Биыл сәуір айында ел үкіметі осындай тағы 10-нан астам насынның құрылысын жүргізу туралы шешім қабылдады. Қытай әлемдегі энергияны ең көп өндіруші және тұтынушы елдердің қатарында. Әсіресе, шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде энергияға сұраныс жоғары. Себебі елдің негізгі өндіріс орындары осы аймақта. Әрі халық тығыз орналасқан. Елде кейінгі 10 жылда энергияға сұраныс күрт артты. Мыңдаған зауыт пен миллиондаған тұрғыны бар шаһарларды тұрақты әрі қауіпсіз қанағаттандыруға тек АЭС қана қауқарлы. Бір АЭС салып жылына 3 миллиард АҚШ долларына дейін табыс тауып, энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге болады. Мәселен, 4 энергоблокты бір АЭС жылына 5 мың мегаватт сағат энергия өндіре алады. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл Астана немесе Шымкент сияқты халық саны миллионнан асатын 4 қаланы жыл бойы үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған дейін аспан асты елі АЭС-ке қажетті қондырғылардың басым бөлігін шетелдерден экспорттап келді. Қытай билігі бұған стратегиялық мән беріп, бүгінде құрылысқа керекті 90% жабдықты өздері шығарып отыр. Аспан асты елінің тәжірибесін халықаралық атом энергиясы агенттігі МАГАТЭ мойындап отыр.

Айта кету керек, көрші мемлекет бұдан бөлек, ядролық технологияны радиациялық зарарсыздандыру, медицина, мутациялық селекция сияқты маңызды салаларда да белсенді қолданып отыр. Мамандар мұны адамның өмір сүру деңгейін арттырып, әлеуметтік-экономикалық даму мақсатында жасалып жатқан батыл қадам деп түсіндіреді.

Қытайда 2035 жылға қарай энергоблок санын 100-ден асыру жоспарланып отыр. Жүзеге асса АҚШ пен Франция сияқты ядролық державалардың алдына шығады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын