Current Date: 15-06-2025

Астанада Әкелер күніне орай қыш шеберлігі сабағы өтті

Астанада Әкелер күніне орай балалар мен олардың әкелеріне арналған қыш шеберлігі сабағы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ата-аналар мен балалардың бірге уақыт өткізіп, сазбалшықтан бірегей бұйымдар жасап, пайдалы демалыс ұйымдастыруына мүмкіндік берді.

Іс-шараны елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Даму» Қазақстандық ассоциациясы бірлесіп ұйымдастырды.

Шеберлік сабағы Kunjut Studio шығармашылық кеңістігінде өтті.

Мақсаты – әкелер мен балалар арасындағы эмоционалдық байланысты нығайту, отбасылық белсенді демалысты насихаттау және бірлескен шығармашылық арқылы қабілеттерді дамыту.

Әкелер күніне орай осындай іс-шара ұйымдастырдық. Бұл — «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында жүзеге асырылып отырған шара. Былтыр да дәл осындай шеберлік сабағы өтіп, қатысушыларға ұнаған болатын. Сол себепті биыл да қайталауды жөн көрдік. Жобаның мақсаты — отбасылық құндылықтарды насихаттау, бала мен әке арасындағы байланысты нығайту, — деді Жастар саясаты басқармасының бас маманы Балжан Колханат.

Іс-шараға 20-дан астам отбасы қатысты.

Қатысушылардың бірі – Нұрлыбек Мұратов қызы Аружанмен бірге гүл құмырасын жасап шығарды. Ол мұндай шаралардың маңызын ерекше атап өтті.

Баламен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік. Қазір ата-аналардың көп уақыты жұмысқа кетеді. Осындай сәттер өте қымбат, себебі балаңмен бірге бір нәрсе жасап, әке мен бала арасындағы байланысты нығайта аласың, — деді ол.