Иран мен Израиль арасындағы саяси ахуалдың ушығуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген 300 қазақстандық елге қайта алмай отыр, деп хабарлайды 24KZ. Қазақстан елшілігі олармен байланысып, тиісті шараларды қолға алған. Олардың жартысы алдағы күндері елге қайтарылмақ.
Жалпы соңғы күндері Ираннан 70-тен астам азаматты шығарылды. Оның 68-і дипломаттар отбасының мүшелері. Іссапарда жүрген тағы алты адам Әзербайжан арқылы елге жеткізілді. Қазір Таяу Шығыс елдеріндегі Қазақстанның елшіліктері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Иранда 132, ал Израильде 219 қазақстандық жүр. Осы ретте министрлік отандастарымызды тұрып жатқан жерлерінен шықпауға, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және жаңалықтарды үнемі бақылап отыруға шақырады. Сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі және осы екі мемлекеттегі елшіліктермен үнемі байланыста болу керегін еске салады.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ескертулеріне қарамастан соңғы екі күнде Қазақстаннан БАӘ бағытталған әуе рейстері толық ұшып кетіп жатыр. Таяу Шығыс елдеріне сапар жасау алдында барлық тәуекелді мұқият қарастырып, салмақты және негізделген шешім қабылдау қажеттігіне тағы бір мәрте еске саламыз.