Current Date: 18-06-2025

100-ге жуық қазақстандық турист елге қайта алмай отыр

Біріккен Араб Әмірліктеріне демалуға барған 100-ге жуық отандасымыз елге қайта алмай отыр. Олардың әуе рейстері кейінге шегерілген. Өйткені Израиль мен Иран қақтығысының салдарынан алты бірдей елдің әуе кеңістігі жабылды. Шетелде қалып қойған отандастырымыз елге қашан жеткізіледі? Қазір Таяу Шығыс елдеріне саяхаттаған қаншалықты қауіпсіз?

Біріккен Араб Әмірліктеріне демалуға барып, қайта алмай қалған туристердің өзгеге үндеу жасаған видеолары әлеуметтік желіде өріп жүр. Дәл қазір жүзге жуық отандасымыз елге орала алмай отыр. Себебі Израиль мен Иранды қосқанда тағы Ливия, Сирия Иордания мен Ирактың әуе кеңістігі жабық.

Асылхан Есілов, Туристік қамқор корпоративтік қорының директоры:

Қазір әуе қозғалысы кішкене өзгерді. Мысалы, Дубайдан Алматыға, Астанаға рейстер 1,5 сағатқа ұзартылды. Қатар, Мысыр Республикасына бұрынғыша ұшып жатыр.

Яғни, Астана мен Алматыдан ұшатын рейстер әуе кеңістігі жабық елдерді айналып өтіп, Пәкістан арқылы Біріккен Араб Әмірліктері мен Мысырға және Түркияға барып жатыр. Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысқа қарамастан сол маңда демалғысы келетіндер азаймаған. Солардың бірі – Ару Елемесова.

Ару Елемесова, қала тұрғыны:

Араб Әмірліктеріне, Дубайға барамын деген жоспарым болған. Мен оған қаншама күшімді салдым. Сол себепті маған оны кейінге шегеру қолайсыз болып тұр. Кейбір әуе компаниялары ол жаққа барып жатыр екен. Сол себепті мен өзімнің шешіміме нық сенімдімін, қандай жағдай болмасын барамын.

Жыл басынан Қазақстаннан 520 мыңнан астам турист шетелге демалуға барған. Солардың 332 мыңы Таяу Шығысқа саяхаттағанды құп көрген. Қазір де Араб Әмірліктеріне, Қатар мен Мысырға және Түркияға арналған турларға сұраныс жоғары екен. Бірақ аталған елдерге аттанбас бұрын міндетті түрде туркод қызметін алу керек дейді туристік операторлар. Ол күтілмеген немесе оқыс оқиға бола қалған жағдайда туристерді шұғыл еліне қайтаруға арналған тетік.

Мейіржан Әуезов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің басқарма басшысы:

Эйр Астана компаниясына азаматтардың Дубайда қалып қоюына байланысты қосымша рейстерді қосып, бағасын тиімді етіп, қайтуына мүмкіндік жасауына көмек көрсету туралы хат жолдаған болатынбыз. Сонымен қатар азаматтар өздерінің турлары бойынша өздерінің тур компанияларына хабарласуы керек. Яғни, оларға турды басқа мемлекетке ауыстыруға немесе мерзімдерін басқа уақытқа ауыстыруға, болмаса ақшасын қайтару туралы хат жолдауы керек. Әрі қарай тур агенттер мен тур компаниялар аталған мәселелерді бірге отырып қарастырады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Біріккен Араб Әмірліктерінде қалып қойған 100-ге жуық отандасымыз қонақ үйлерге орналастырылған. Алдағы бір-екі күннің көлемінде оларды елге әкелу жоспарланып отыр. Сондықтан министрлік өкілдері тек тексерілген ақпарат көздеріне сүйеніп, кез келген мәселе бойынша туристік операторға хабарласуға кеңес берді.

Нұрсұлтан Тілектес