Current Date: 30-06-2025

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Тазалықты қамтамасыз етіп жүрген мамандар бүгінде тек жұмыс істеп қоймай, кәсіби дамуға да ден қойып отыр. «Астана Тазалық» мекемесі ішкі оқыту жүйесін енгізіп, қызметкерлердің біліктілігін арттыруда. El.kz тілшісі оқыту барысына қатысып, сала мамандарымен әңгімелесіп қайтты.

Мекеме қызметкерлеріне не үйретуде?

«Астана Тазалық» мекемесінің мәлімдеуінше, қызметкерлерді оқыту 2024 жылдан басталған. 2024 жылы мекеменің барлық жұмыскерлері арнайы тренингтерден өтті. Жұмысшылар, жүргізушілер және машинистер, жалпы саны 1200-ден астам адам «Команда құру» тренингін тәмамдап, командалық жұмыс пен әр жұмыскердің маңыздылығына көз жеткізді. Ал инженерлік-техникалық құрам және әкімшілік қызметкерлер, жалпы саны 200-ден астам адам тайм-менеджмент, стресс-менеджмент, көшбасшылық, командамен жұмыс жасау және өзгерістерді басқару бағытында оқудан өтті.

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

2025 жылы бұл жүйе одан әрі дамып, ішкі оқу жүйесі жолға қойылды. Енді мекеме қызметкерлерінің ішінен арнайы мамандар таңдалып, оқыту шараларын жүргізуде. Мәселен, еңбек қауіпсіздігі мен жол жүру қауіпсіздігі бойынша – жүргізушілер мен машинистерге, ал еңбек кодексі, табель жүргізу, жалақы мен салық ұсталымы, электронды құжат айналымы бойынша – инженерлік-техникалық құрамға оқыту жүргізіліп жатыр. Тамыз айынан бастап қазан айына дейін сыртқы оқу жалғасады деп жоспарланған. Онда жұмысшылар мен жүргізушілерге қаржылық сауаттылық тақырыбында тренингтер өтеді. Сонымен қатар мекеме ішінде дебат турнирлері және әр саланың мамандарына арналған арнайы оқыту курстары ұйымдастырылмақ.

Ішкі оқыту: басты мақсат – ақпараттың қолжетімділігі

«Астана Тазалық» мекемесінің психологы Жанат Сауханованың айтуынша, қазіргі таңда мекеме ішкі оқыту жүйесін жүзеге асырып жатыр. Бұл оқыту, ең алдымен, учаске бастықтары, механикаландырылған және қолмен тазалау бөлімінің шеберлері үшін ұйымдастырылуда. Оларға бухгалтерия, кадр және еңбек заңнамасы бойынша нақты әрі түсінікті мәліметтер беріледі.

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Сурет: Сырым Рахимбеков

Әр ай сайын қызметкерлердің жалақысына қатысты сұрақтар туындайды. Неге бұл айда аз, келесіде көп? Демалыс пен түнгі ауысымның ақысы қалай есептеледі? Бұл сұрақтардың жауабын бірден өз басшысынан алу маңызды. Сондықтан біз учаске меңгерушілері мен шеберлерге нақты білім беріп, оларды өз бөліміндегі жұмысшыларға түсіндіре алатындай деңгейге жеткізуді көздедік, – дейді психолог.

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Суреттер: Сырым Рахимбеков

Бұл жүйе мекеменің көпсатылы құрылымын ескере отырып жасалған. Әр ауданға жауапты атқарушы директорлар бар, олардың қол астында учаске бастықтары мен шеберлер жұмыс істейді. Ал бұл басшылардың тікелей қол астында жүргізушілер мен тазалық жұмысшылары бар. Демек, нақты ақпарат алдымен басшыларға жетіп, кейін қарапайым жұмысшыларға түсіндіріледі.

Қарапайым қызметкерлерге арналған оқыту да назардан тыс қалмайды

Қарапайым қызметкерлерге де сыртқы оқыту жүргізіледі.

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Суреттер: Сырым Рахимбеков

Өткен жылы ұжыммен үйлесімді әрекет ету аясында тренингтер ұйымдастырдық. Биыл біз оларға қаржылық сауаттылық бойынша оқыту жүргіземіз. Қызметкерлер өз жалақысын, жинақтарын дұрыс басқаруды үйренуі керек, – дейді Жанат Сауханова.

Алайда барлық жұмысшы мен жүргізушіге жеке-жеке оқыту өткізу – ұзақ процесс. Сондықтан әзірге ақпарат алдымен бөлім басшыларына беріледі. Олар өз ұжымына түсіндіруі тиіс. Ал негізгі қарапайым жұмысшыларға арналған оқыту топтап, кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Оқыту тақырыптары қандай?

Биыл басталған ішкі оқыту шілде айының соңына дейін жалғасады. Бұл – ішкі оқытудың алғашқы легі. Оқу барысында мынадай тақырыптар қамтылады:

  • жалақы мен салық жүйесі,
  • еңбек демалысы мен еңбекке уақытша жарамсыздық төлемдері,
  • еңбек кодексі,
  • қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау,
  • жұмыс уақытының табелі мен құжат жүргізу жүйесі.

Сонымен қатар, жаңадан енгізіліп жатқан автоматтандыру жүйесі де оқытуға енгізілген. Қызметкерлерге құжат айналымы жүйесін тиімді пайдалануды үйрету де басты мақсат.

Жаңа техника – жаңа білім

«Астана Тазалық» қызметкерлері тек теориямен шектелмейді. Жаңадан сатып алынған техникаларды меңгеру де – міндет.

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Сурет: Сырым Рахимбеков

Жаңа техникалар келген кезде, оларды жеткізуші компаниялар арнайы оқыту ұйымдастырады. Бұл – өндірістік блоктың қарамағында. Мәселен, жаңадан келген тракторларды жүргізушілер меңгеріп шығуы үшін арнайы дайындықтар өткізіледі. Бұл оқытулар біздің емес, өндірістік бөлімнің үйлестіруімен жүреді, – дейді Сауханова.

Шетелмен тәжірибе алмасу

Мекеме биыл күзде өз қызметкерлерін шетелге оқуға жіберуді жоспарлап отыр.

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Суреттер: Сырым Рахимбеков

Бұл бағытта арнайы жобалар бар. Мысалы, үздік деп танылған өндірістік қызметкерлер мен әкімшілік басқару өкілдері таңдалып, шетелге оқуға жіберіледі. Мақсат – басқа елдердегі коммуналдық қызметтің қалай жұмыс істейтінін көру, үйрену, сол тәжірибені бізге бейімдеу, – дейді психолог.

Қазір қай елге баратыны нақтыланбағанымен, келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұған дейін де мекеме қызметкерлері алғаш рет Еуропаға барып, тәжірибе жинақтаған.

Оқыту маусымы неге тек жазда?

Жанат Сауханованың сөзінше, ішкі оқыту тек жаз айларында өтеді. Өйткені қыс – қар тазалау жұмыстарының қызатын кезеңі. Ол уақытта қызметкерлерге оқыту өткізу мүмкін емес.

Қыста барлық күш қар күреуге жұмсалады. Қызметкерлердің барлығы толыққанды жұмыс процесіне жұмылдырылған. Сондықтан біз оқытуды көктемнің соңы мен жазда өткіземіз. Қыркүйектен бастап қайтадан қарбалас жұмыс басталады, – дейді ол.

Жауапкершілік – күнделікті жұмыстың негізі

Қаладағы тыныш тіршіліктің, таза көшелердің артында көзге көрінбейтін үлкен еңбек жатыр. Сол еңбектің басында жүрген жандардың бірі – «Астана Тазалық» мекемесінің Есіл ауданындағы бас механигі Мұрат Жанахметұлы. Әр күнін техникамен, әр сағатын үйлестірумен өткізетін білікті маман тазалықтың ішкі жүйесі мен тәртібі жайында айтып берді.

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Сурет: Сырым Рахимбеков

Менің жұмысым таңмен таласа басталып, түнге дейін созылады. Негізгі міндетім – техника желіге уақытылы қосылуы үшін оны тексеру, жүргізушілер мен машинистердің шығуын үйлестіру, – дейді Мұрат Жанахметұлы.

Ол өзі жетекшілік ететін Есіл ауданын бос қалдырмауға тырысады.

Жаз мезгіліне қарағанда қыс мезгіліндегі жұмыс артады. Қыста қар тоқтамайды. Бір сағатқа кешіккеннің өзі үлкен зардап әкелуі мүмкін. Сондықтан техниканың дайындығы – басты мәселе. Жөндеу жұмыстары арнайы Мемлекеттік техникалық қызмет бөлімінде жүргізіледі. Олар техниканы толықтай қарап, бізге дайын күйінде тапсырады. Одан соң біз қосымша тексеру жүргізіп, жүргізушіге береміз, – дейді ол.

Таза қала – таза қоғам

Мұрат Жанахметұлы қала тазалығын ел болашағымен байланыстырады.

Президентіміз айтқандай – таза Қазақстан құру үшін ең алдымен Астанамыз тап-таза болуы керек. Бас директорымыз Замир Садықұлы да осы ұстанымды ұдайы айтып отырады: таза қала, таза қоғам, таза ниет, – дейді ол.

Тазалық жұмыстары тәулігіне 24 сағат, апта сайын 7 күн тоқтаусыз жүргізіледі. Күндіз де, түнде де қала ашық қалмауы тиіс. Бұл жауапкершілік ауданға қарасты барша қызметкер мен басшылыққа ортақ.

Қызметкерлерге қойылатын талап қандай?

Бас механик болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұрат Жанахметұлы бұл қызметке осы жылдың басында тағайындалған. Оның айтуынша, талап жоғары.

Ең алдымен, жұмыс өтілі мен жоғары техникалық білім болуы қажет. Мен «Көлік техникасы және технологиясы» мамандығын меңгердім. Бұдан бөлек, арнайы курстар мен сертификаттар, техника қауіпсіздігі бойынша рұқсат қағаздары да болуы тиіс. Себебі біз жоғары қысымда, күрделі техникамен жұмыс істейміз, – дейді ол.

Қазіргі таңда Мұрат Жанахметұлының қарамағында шамамен 200-ге жуық қызметкер бар. Бұл сан өзгеріп отырады, өйткені кейбірі демалысқа шығады, сырқаттанады немесе уақытша жұмыстан босатылады.

Еңбек тәртібі мен жұмыс кестесі

Жазда жұмыс күні таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін, 1 сағат түскі үзіліспен. Ал қыста жұмыс уақыты 10-11 сағатқа дейін созылады. Қар қателікті кешірмейді. Қала тазаланбай қалса, тұрғындардан бастап, жол қауіпсіздігіне дейін бәрі зардап шегуі мүмкін, – дейді ол.

Техника кезекпен жұмыс істейді. Бірінші ауысым бітпей жатып, екінші ауысым дайындалып тұрады. Түнгі мезгілде арнайы кезекші техникалар қала тазалығын қамтамасыз етіп отырады.

Қауіпсіздік пен жағдай

Қала тазалығы – білікті мамандардың қолында

Сурет: Сырым Рахимбеков

Қызметкерлеріміз арнайы формамен, қауіпсіздікке арналған киім-кешекпен, аяқ киіммен қамтамасыз етілген. Қажет болса, көзілдірік, қолғап сынды қосымша жабдықтар да беріледі. Әсіресе жүргізушілер мен машинистер үшін арнайы талаптар бар. Барлығы бекітілген стандарттарға сай, – дейді бас механик.

Ал тағаммен қамту, әлеуметтік демалыс орындары сынды мәселелер кәсіподақ ұйымының қолдауымен шешіледі. Қыс мезгілінде қызметкерлер үшін ыстық тамақ ұйымдастырылса, жазда бұл уақытша тоқтатылады.

Демалыс орындарына жолдама, санаторий мен лагерьге бару сынды мүмкіндіктер де бар. Сонымен қатар отбасында қайғылы жағдай болғанда материалдық көмек көрсету сынды артықшылықтар қарастырылған, – дейді ол.

Ішкі оқыту – жаңа деңгей

Биыл «Астана Тазалық» мекемесі алғаш рет ішкі оқыту жүйесін енгізді. Бұл бастама жұмыс барысындағы маңызды сұрақтарға жауапты дер кезінде беру үшін қажет.

Біз бухгалтерия, еңбек кодексі, қауіпсіздік техникасы және жалақы есептеуге қатысты білім алдық. Қазір үшінші аптаға жеттік. Бірінші аптада – қауіпсіздік, екінші аптада – кадрлық жұмыс пен заңнамалар, ал үшінші аптада – есеп пен салық туралы білім алдық. Бұл өте қажет дүние. Жұмысшылар жалақысына қатысты сұрақ қойған кезде мен енді жауап бере аламын. Бұрын әр сұраққа бухгалтерияға жүгіретінбіз, – дейді Мұрат Жанахметұлы.

Қызметіндегі қиындық

Жұмыс оңай емес. Бір сәтке де қала тазалығын назардан тыс қалдыруға болмайды.

Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Бірақ біз өз міндетімізді жақсы білеміз. Таңертең ерте келіп, барлық техниканы қарап шығамыз. Кешке жұмыс уақыты біткен соң да хабарласып, сұрақ қойып жататындар болады. Ол – қалыпты жағдай. Ең бастысы – қала тұрғындары таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін біз қызмет етеміз, – дейді ол.

Түйін: Қала тазалығын қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен кәсіби дайындықты талап ететін жұмыс. «Астана Тазалық» мекемесі осыны ескере отырып, ішкі оқыту жүйесін жолға қойды. Бұл бастама қызметкерлердің біліктілігін арттырып қана қоймай, олардың өз ісіне деген сенімділігін күшейтті. Еңбегі еленген, білімі толыққан маман – таза әрі жайлы қаланың кепілі.

Айта кетейік, бұған дейін 7 мыңнан астам қазақстандықтың «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына қосылғаны туралы жазған едік.