Current Date: 28-06-2025

Төлеби ауданында көптен күткен көпір пайдалануға берілді

Түркістан облысының Төлеби ауданында жаңа көпір пайдалануға берілді , деп хабарлайды 24kz.

Балдыберек өзенінің үстіне салынған өткел 2019 жылы тапсырылуы тиіс болатын. Алайда мердігердің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары 5 жылға кешікті. Көпір құрылысының аяқталуына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті себепкер болды. Өткел Қаратөбе мен Қостөбе ауылдарын байланыстырады. Халықтың өтінішімен көпір құрылысына аудан бюджетінен 38 млн теңге қаралған. Ауыл тұрғындары бұл жергілікті халықтың тұрмысын жеңілдететін, ауыл мен аудан арасын жалғайтын маңызды инфрақұрылым екенін айтады.

Сейітжан Қаратаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады дейді. Бүгін біз бірліктің жемісін көріп тұрмыз. Біздің ауылда көпір салынды. Мыңдаған адамның рахметі сол көпір құрылысында. Қатысқан, қызмет жасаған Түркістан облысы антикор басшыларына, бірнеше рет келіп, тексеріп, қадағалап тұрғандарына мың рахметімізді айтамыз.

Сәбит Әсілбек, ҚР СЖҚІҚА облыстық департаментінің превенция басқармасы басшысының орынбасары:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұзақмерзімді құрылыс нысандарына сүйемелдеуге ерекше назар аударады. Олардың уақытылы аяқталуына және пайдалануға берілуіне тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Түркістан облысы тәуекелдер картасына тапсыру мерзімі бұзылған 8 әлеуметтік нысан енгізілген болса, бүгінгі күні екі көпір мен 5 мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.