Current Date: 14-03-2025

Бурабайдың бағын ашатын жоспар

Премьер-министр Олжас Бектенов Щучинск – Бурабай курорттық аймағы туризмін дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды.

Құжат 137,2 млрд теңгені құрайтын 118 ша­ра­ны қамтиды және туристік инфрақұ­ры­­лым­ды, көлік логистикасын, цифрлық ше­шім­­дерді, қауіпсіздік жүйелерін дамыту­ға, сондай-ақ инвестиция тартуға бағытталған.

Жоспарға сәйкес, демалыс орнын жаңғырту негізгі бағыттарды, соның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар салуды, экологиялық және спорттық туризмді дамытуды, жаңа рекреациялық аймақтар құрылысын қамтиды. Атап айтқанда, Қатаркөл көлінің жанында балалар орталықтарын, спорттық-сауықтыру кешендерін және жыл бойы аквапарк ұйымдастыру қарастырылып отыр. Жөкей көлінің маңында кемпингтер, глемпингтер және жаңа туристік бағыттар ашылады, ал Кіші Шабақты көлінде жалға беру стансалары, қайық тұрағы, жағалау инфрақұрылымы мен жағажайлар болады.

Қысқы демалыс түрлерін дамыту кеңінен жоспарланған, олардың арасында шаңғымен сырғанау ерекше сұранысқа ие. Спорттық жабдықтарды жалға беретін, тамақтану орны мен кәдесый дүкендері бар шаңғы базасын ұйымдастыру көзделіп отыр.

Курорттық аймаққа қол жеткізудің ыңғайлы болуын қамтамасыз ету үшін көлік инфрақұрылымы, оның ішінде ви­зит-орталықтары бар көпдеңгейлі тұрақ­тар және тамақтану пункттері салынады.

Жоспарды іске асыру келуші турис­тер санының 35 мыңнан 94 мың адам­ға дейін ұлғаюына, туризм саласын­дағы жұмыспен қамту көрсеткішінің 22 мың­нан 32,5 мың адамға дейін өсуі­не және 22,7 млрд теңге мөлшерінде жеке инвестициялар тартуға әкеледі деп күтілуде. Өңір экономикасындағы туризм үлесі 1,4%-дан 3,5%-ға дейін ұлғаюы тиіс.

Курорттық аймақты дамыту Қазақ­станның өңірдің туристік картасындағы ұстанымын нығайтады, сондай-ақ ішкі туризмнің тартымдылығын арттырады.