Current Date: 28-06-2025

Оралдық оқушылар АҚШ-тағы халықаралық дрон чемпионатынан жүлделі оралды

Оралдық оқушылар Америка құрама штаттарындағы халықаралық Multi GP чемпионатынан жүлделі оралды, деп хабарлайды 24kz.

Дрон басқарудан өткен сайысқа әлемнің 15 елінен кіл мықтылар қатысты. Қазір Оралдағы 10 мектепте ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырып-ұшырумен 3 мыңға жуық бала айналысады.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Мұхиттың арғы бетінен күні кеше оралған Наурызбек Есетов 10-сыныпта оқиды. Жеті жылдан бері Оқушылар сарайындағы робототехника үйірмесінде шұғылданады. Соңғы жылдары дрон құрастырып, оны ұшыруға ден қойыпты. Күні кеше өткен дүниежүзілік жарыста 2-орынды жеңіп алыпты.

Есетов Наурызбек, 10-сынып оқушысы:

- Өзіміз жасаймыз, өзіміз құрастырамыз. Мысалы жапондар, оларда дрондар айырмашылығы бізде деген моторлары әлсіз болды. Оларда мықты. Біздің моторлар 1860 квт болса, оларда 2100-2200 болды. Ол жылдамдыққа және инерцияға әсер етеді. Осы жарыста көптеген чемпиондарды көрдім. Ол маған үлкен мәртебе десем де болады.

Дрон-рейсинг – спорттың балаң түрі. Оған қатысушылар дрондарды өздері құрастыруы тиіс. Әрі берілген координаттарға FPV-құрылғылар арқылы түрлі бөгеттерді орағыта ұшып, шапшаң жетуі қажет. Орал қаласының Оқушылар сарайындағы робототехника үйірмесінде осы қызықты спорттың қыр-сыры үйретіледі.

Нұрбол Қырықбаев, Оқушылар сарайындағы робототехника үйірмесінің жетекшісі:

- 1-сынып оқушылары арнайы бағдарламасын жазу арқылы дрондарды басқара алады. Одан бөлек, келесі бастауыш сыныптан кейінгі балаларға FPV дрондарды береміз. Ол сағатына 100-200 шақырым ұшатын дрондарымыз. Ол қатты дрондарымызды ұшырып, халықаралық жарыстарға қатыса алады.

Осыдан үш жыл бұрын Оқушылар сарайында 40 млн теңгеге роботехника кабинеті жасақталса, биыл ақпан айында 3 миллион теңгеге FPV дрондар алыныпты. Одан басқа тағы 10 мектепте осындай дрондарды басқару үйірмесі ашылған.

Нұрбол Қырықбаев, Оқушылар сарайындағы робототехника үйірмесінің жетекшісі:

- Бұрын атпен шауып қой бағатын болса, қазір үйден отырып дронмен қой бағып жатыр. Яғни, әртүрлі аауыл шаруашылығын дамытуға немесе өсімдік, жеміс-жидектердің жағдайын бақылауға, дрондар өте көп қолданылуда. Немесе әскери салада еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолдануға болады. Біз балаларды дрон саласында дұрыс қолдану үйретеміз.

Әлия Қайыржанова, Орал қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Соңғы 7 жылдың ішінде қала бойынша 10 мектеп қамтылып отыр. 10 мектепте, оқушылар сарайында 300 бала болатын болса, әр мектептен 100-150 бала үйірмеге қамтылған. Бұл дегеніміз, 3 мыңға жуық оқушы. Келесі қадамымыз осы зертханамен қамту болып отыр.

Қазір оралдық оқушылар алдағы жарыстарға әзірленуде. Олар осы жаздың аяғына таман Қытайдың Макао қаласында дрон басқарудан өтетін сайыста бақ сынамақ.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов