Кейінгі үш жылда күнбағыс майының экспорты 4,8 есе өсті. Еліміз жаһандағы экспорттаушылардың ондығына кіреді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Иә, дүкен сөрелерінде импорттық майдың үлесі азайғанын байқаймыз. Есесіне отандық өндіріс қарқын алды. Бүгінге дейін елде 375 мың тоннаға жуық өсімдік майы шығарылды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 10,2%-ке көп.
Елде майлы дақылдар алқабы артып жатыр
Алдағы бес жылда майлы дақылдар алқабы 3,9 млн гектарға жетеді. Бұл кезеңде өсімдік майының өндірісі 1 млн 200 мың тоннадан асуы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі межеге жету үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Сонымен қатар шикізатты сатып алуға субсидия береді. Алқаптардың артуы да септігін тигізеді. Биылғы көрсеткіш 3,4 млн гектар. Өткен жылы 2 млн 900 гектарға жуықтаған. Диқандар 3 млн 337 мың тонна дақыл алды. Оның бір млн-ы сыртқы нарыққа шығарылған. Түскен түсім 27%-тен асып, 509 млн долларға жетті.
Отандық күнбағыс майына сұраныс көп
Иә, биыл шикізаттық емес тауарлар экспортын екі еселеуге тиіспіз. Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасы осындай. Ұлттық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов салада бұл меженің былтыр орындалғанын мәлімдеді. Яғни бес жыл бұрын экспорт 500 мың тоннадан асса, өткен жылы 1 млн тоннаға жеткен. Негізгі импорттаушылар қатарында Өзбекстан мен Қытай бар, тізімді Тәжікстан, Ауғанстан, Латвия, Иран және Қырғызстан жалғайды. Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушылардың ондығына кіреді. Ендігі мақсат – Украина мен Ресейден кейінгі үштікті түйіндеу. Бұған әлеуетіміз жетеді. Ұлттық қауымдастық төрағасы күнбағыс алқабын 4 млн гектарға жеткізсек, кәсіпорындардың жылына 1,7-1,8 млн тонна май шығаруға қауқары артады.
Ядыкар Ибрагимов, Ұлттық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы:
- Әлем елдері жыл сайын 43 млн тонна майлы дақылдар өнімін импорттайды. Бұл, әрине, Қазақстанның былтырғы экспортынан 42 есе көп. Біз үміт артып отырған Қытай нарығы жылына 18 млн тонна өсімдік майы мен күнжара шротын сатып алады. Орталық Азия біздің ел мен Ауғанстанды қоспағанда 1,5 млн тоннасын импорттайды. Иран импорты 3,5 млн тоннадан асады. Ал Еуропа нарығы 20 млн тоннадай күнжара шротын алып отыр. Демек біздің экспорттық әлеуетіміз өте жоғары.
Рафинадталған май өндірісіне ден қойылды
Оның үстіне биыл жылына 231 мың тонна майды рафинадтай алатын қос зауыт бой көтереді. Демек терең өңделген өнім экспорты да еселене түседі. Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығы қазірдің өзінде Ауғанстан, Түрікменстан және Қырғызстаннан сұраныс барын жеткізді. Бүгінде елде 65 мың тонна тазартылған күнбағыс майы өндіріледі. Былтыр елдегі алқаптардан 1,8 млн тонна шикізат алынды. Сөйтіп, жаһандық бестікке іліктік. Қазір шаруалардың дені күнбағыс өсіруге ден қойып жатыр. Мамандар бұл нарықтың кірістілігі жоғары екенін айтады. Қазір күнбағыс дәнінің тоннасы 270 мың теңгеге жетті.
Ал ішкі нарықтағы өсімдік майының үлесі 84,6% жетті. Бес айда импорт 17,1% немесе 57,8 мың тоннаға дейін азайды. Ал өндіріс 317,5 мың тоннаға дейін өсті.