Мұндай сүйінші жаңалықты Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ыңғай білдірген қытайлық инвестициялық компаниялар өкілімен вице-министр Аманғали Бердалин кездесу ұйымдастырды.
Ондағы негізгі тақырып – ҚХР нарығында жоғары сұранысқа ие отандық жылқы тұқымдарын жөнелту.
– Бүгінгі кездесу – мал шаруашылығы мен жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам. Біздің жылқы тұқымдарымызға деген қызығушылық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – дейді Аманғали Бердалин.
Қос тарап ветеринариялық бақылау мен карантинге арналған инфрақұрылым мәселесіне басымдық берді. Осы орайда, көрші елдің инвесторлары Қазақстан аумағында ветеринариялық зертхана ашу ниеті бар екенін жеткізді. Аталған орталық ауыл шаруашылығы жануарларының елдер арасындағы қозғалысындағы диагностиканы және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысады. Сондай-ақ, кездесу барысында климаттың өзгеруіне байланысты және мал шаруашылығы үшін сапалы азықпен қамтамасыз ету қажеттігі талқыланды.
– Біз Қазақстанды тұрақты ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Зертханалар мен жем өндірісіне инвестиция – бұл біздің ортақ болашаққа қосқан үлесіміз, – деп нақтылай түсті Қытай делегациясының өкілі Ван Чжифэн.
Министрлік өз кезегінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен елдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауға және одан әрі диалогқа дайын екенін атап өтті.