Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылар құқын қорғау департаменті 2025 жылдың ІІ тоқсанында 2800 азаматтық шағымға тексеріс жүргізген. Нәтижесінде тұрғындарға 285 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған, деп жазады Egemen.kz.
Департамент басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиевтің айтуынша, жоспардан тыс жүргізілген тексерулер кезінде жосықсыз кәсіпкерлерге 55 әкімшілік айыппұл салынған.
«Тауарды айырбастап бермеу мен қайтарудан бас тарту, сондай-ақ 10 күндік мерзімде шағымға жауап берілмеуі бойынша көптеген шағымдар түскен. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге үстеме бағаны заңсыз қосу деректері жиі анықталған», — дейді Нұрлан Әбдиев.
Шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда мен электронды сауда салаларынан түскен. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шағымдарға қатысты департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мәселелерді жедел шешу жолдарын ұсынып келеді.
Тұрмыстық қызмет көрсету саласында да тұтынушылар сапасыз қызметке жиі тап болады. Мұндай жағдайда департамент түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сотқа дейін шағым жазуға көмектеседі және сот процестеріне үшінші тұлға ретінде қатысады.
Н. Әбдиев сондай-ақ 2025 жылдың 13 наурызынан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Бұл өзгерістер департаменттің өкілеттігін кеңейткен. Қазіргі уақытта мемлекеттік орган аталған кодекстің 157, 190 және 193-баптары бойынша әкімшілік істерді қарап жатыр. 190-баптың 5-бөлігіне сәйкес, тұтынушылардың құқықтары туралы ақпараттың болмауы, шағымдарға кеш жауап берілуі және ақшаның уақтылы қайтарылмауы сияқты заңбұзушылықтар үшін салынатын айыппұл мөлшері: шағын бизнеске – 10 АЕК, орта бизнеске – 15 АЕК, ірі бизнеске – 25 АЕК.
Департамент жұмысының негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға түзу кезінде делдалдықпен күресу. Осы тоқсанда комиссияның 12 отырысы өтіп, 268 заңбұзушылық анықталып, 235 әкімшілік хаттама толтырылған.
Департамент мамандары азаматтарға тұтынушылардың құқықтары, заңнамадағы өзгерістер және сатушылардың міндеттері туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыра бермек.