Алматы музейінде «Дәстүр. Өнер. Әсемдік» атты қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімдер көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шарада қазақ халқының 30-дан астам киімі ұсынылды. Көпшілік назарына Алматы қаласы тарихы музейінің қорындағы бас киімдер мен белгілі суретші Гүлнәр Табанованың туындылары қойылды.
Гүлнәр Тоқтаубайқызы 35 жылдан бері кимешек, сәукеле, бөрік, тақия және басқа да бас киім түрлерін тігіп келеді. Оның бірегей туындылары негізінен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртістеріне арналған. Уағында Роза Бағланова, Мадина Ералиева сынды күміскөмей әншілер киген. Бағдат Сәмединова да пайдаланды. Көрмеге ісмердің 20-дан астам еңбегі қойылды. Олардың ішінде ерекше орын алатыны – сәукеле.
Гүлнәр Табанова, суретші:
- Мен бұрын сәукелерді жасаған кезде, қалай десем, блеск солармен ғана шығаратынмын. Қазіргі кезде енді, жаңағы темірлермен, араластырып, неше түрлі қылып, қазір көп қой заттар, солармен шығардым. Бұл жұмысқа бір 3-4 жыл болып қалды жасағаныма.
Әр бас киімнің өзіндік мәні бар. Бөрікті үш жастан бастап қыз балаларға кигізген. Сәукеле – қалыңдықтың ұзатуына арналған мерекелік бас киім. Ал кимешекті бала туған әйелдер киген. Әшекейлердің түсі мен өрнегі қыз-келіншектердің жасын және әлеуметтік мәртебесін айқындаған.
Кәмшат Жиенәлиева, Алматы музейінің жетекшісі:
- Бұл көрмеде 30-дан астам қазақ халқының әйелдерінің ұлттық бас киімдерінің түрлері көрсетілген. Оның ішінде XIX ғасырда, XX ғасырда жасалынған бас киімдер музей қорынан, сонымен қатар, қазіргі заманауи Гүлнәр Табанованың туындылары көрсетілген.
Музей қызметкерлері көрмеге келген қонақтарға әр бас киімнің шығу тарихын, жасалу жолын түсіндіріп берді.
Айгүл Болатханқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Кимешек дейді. Кимешектің өзінің сыртынан орайтын күндік. Күндік баяғы қазақтар кебін есебінде. Егер көшпенді халық алда-жалда дүние салса, сол басындағы аппақ қап-қарадай күндікті кебін есебінде пайдаланған.
Көрме- лттық мұраны жаңғыртуға, қазақ әйелдерінің киім мәдениетін тереңірек таныстыруға бағытталған. «Дәстүр. Өнер. Әсемдік» атты көрме 16 наурызға дейін ашық болады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев