Current Date: 04-07-2025

Шетелге туристік жолдама 48 пайызға қымбаттаған

Таяу Шығыс, Түркия мен Оңтүстік Азия елдеріне туристік жолдама 60 пайызға қымбаттап кетті. Бұл — Ұлттық статистика бюросының дерегі . Кейбір мамандар бұл ішкі туризмнің дамуына оң әсер етеді деп отыр. Отандық туризм сыртқа шықпай, елде демалғысы келетіндерді қабылдауға дайын ба? Баға жағы қалай болып жатыр?

Қазақстандықтар жиі тынығатын Түркия бағытының бағасы орташа есеппен 58%-ға өскен. Дубай жағажайларында күнге қыздырыну да енді қалтаға салмақ түсірмек. Әмірліктегі демалыс ақысы 68%-ға көтерілген. Бұл ең алдымен инфляцияға байланысты, дейді сала өкілдері.

Ералы Тілеуов, туристік оператор басшысы:

Мысалы, біз Түркиямен қаржылай қарым-қатынасымыз еуромен жүргендіктен, курстың өсуіне байланысты сәл қымбатырақ сезіледі. Түркияға бүгінде бір аптаға жақын арада ұшатын рейстер 500 мыңға екі адам барып келе алады. Әрине ол қонақ үйдің сапасына байланысты. Вьетнам сәл қымбаттырақ болуы мүмкін. Бірақ 8 сағат ұшамыз. 1 млн-ның айналасы.

Шетелге жолдаманың қымбаттауына Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың да әсері тиген. Кей мамандар бұл ішкі туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді деп отыр. Дегенмен елдегі турпакеттердің де құны өскен. Қазақстандағы демалыс орындарына жолдамалар орташа есеппен 15%-ға қымбаттаған.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Туроператорлар елдегі туристік аймақтардың үздік үштігін анықтаған. Олардың қатарына Алматы мен Алматы өңірі, Алакөл және Ақтау қаласы кіреді. Бағасына тоқталсақ. Мәселен, Алакөлде қонақүйге бағасы тәулігіне әр адамға 12 мың мен 50 мың теңге арасында. Сонда орташа есеппен бір аптаға тек жатын орынға 100 мыңнан 350 мыңға дейін төлейсіз.

Ал Ақтауға барып, Каспийге түсем десеңіз, екі адам үшін 1 млн теңге төлейсіз. Десе де ішкі туризм қарыштап дамып келеді.

Әлішер Тұрсын, «Kazakh tourism» ҰК департамент директоры:

2024 жылдың өзі де үлкен межеге алып келді. 15 млн адам шетелден шекара асып келді. Одан кейін ішкі туристеріміздің саны да 10 млн 500 мың адамға жетті. Бұл жерде ішкі туризм бойынша қонақүйлерде орналастырылған, Ұлттық парктерге барған, одан кейін санторийлер мен курорттарда демалған азаматтар ішкі туристердің ағынын көрсетеді.

Былтыр 1 млн-нан астам қазақстандық шет мемлекеттерде демалған. Бірақ биыл бағаның шарықтауына байланысты ішкі туристердің саны артуы мүмкін. Дегенмен елде оларды қабылдайтын қонақүйлер жетіспейді, дейді салада жүргендер. Қазір елімізде жол бойында көпфункционалды кешендер салынып жатыр. Алдағы 5 жылда олардың саны ел бойынша 60-қа жетеді. Бұл да отандық туризмді дамытуға үлкен септігін тигізбек.

Нұрсұлтан Тілектес