Маңғыстауда теміржол саласында жауапты әрі күрделі қызметті ер азаматтармен қатар қыз-келіншектер де алып жүр.
Солардың бірі Ұштап Құрманбаева. Шойын жолдың күтіміне жауапты бұл маманның қажыр-қайратын әріптестері ерекше бағалайды. Салмағы 70 келіден асатын шпалды жалғыз өзі көтере алатын ол, 35 жылдық еңбек жолымен ұжымға үлгі.
- Мынау, бағыттама. Бұрмалар былай-былай ауысып тұруы үшін майлап тұрамыз. Мынау Ақтау портына, Өзенге кететін жолдар ғой. Соған мыналары ауысып тұруы керек. Машинистке жолды дайындап тұрамын.
Жол қараушы Ұштап Құрманбаева рельстерді қарамаймен майлап жатыр. Оның айтуынша, қыстың суығында шойын жол қысқарып, ал аптап ыстықта керісінше балқып, созылады. Сондықтан теміржол құрамдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рельстердің жағдайы үнемі қатаң бақылауда болады. «Биыл қыста қар қалың түсті. Ауа райының құбылуына қарамастан жұмысқа шығып, шойын жолды тазалаймыз. Күн сайын көз алдымнан жүздеген жолаушы мен тонналаған жүк өтеді. Олардың діттеген жеріне аман-есен жетуі мен үшін аса маңызды», – дейді ол.
Ұштап Құрманбаева, жол қараушы:
- Жұмыс жасап жатқаныма 35 жыл болды. Қиыншылығы да, қызығы да мол жұмыс. Күніге 12-13 километрдей жаяу жүреміз. Жаяу жүрген ол денсаулыққа пайдалы. 25 жасымда кірдім деп тұрмын ғой. Сол қажыр-қайратымның барлығы сол кезде шпал ауыстырдық. Физикалық жұмыс болған соң денеміз ер адам құсап, соған үйреніп кеткен сол жұмысқа. Сосын енді қиынсынбай жасай береміз.
Ұштап Құлжанқызы 25 жасында жұмысқа орналасып, содан бері Маңғыстау жол дистанциясында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ол 4-разрядты маман. 2018 жылы теміржол компаниясы «әйелдерге 7 келіден артық жүк көтеруге болмайды» деген талап енгізіп, жұмыс шарттарын жеңілдеткен. Алайда, Ұштап Құлжанқызы қиындықтарға қарамастан, өз еркімен ауыр жұмысты таңдап, ер-азаматтармен қатар қызмет атқаруда.
Тұтқабай Оңғаров, учаске бастығы:
- Сол кезде біз Шетпеден келеміз бригадамен. Ар жағынан АЭС-камен, машинамен келеміз. Ал мына Маңғышлақтан екі машина келеді. Мастерлер түгел. Соның ішінде мына Ұштап апа мен Ботагөз деген апайды көргенмін мен. Ер адам құсап жұмыс жасайды. Шпал аударғанын, костер, балға ұрғанын сонда көргенмін. Ол кезде мен жұмысшымын. 1-разряд, жаңа келген кезім. Сонда шошып кеткенмін мынау әйел адам ба ер адам ба деп.
Саналы ғұмырының 35 жылын теміржол саласына арнаған Ұштап Құрманбаева биыл 60 жасқа толды. Қолына ауыр қайласын алып, рельстердің жай-күйін мұқият бақылап жүрген тәжірибелі жол қараушыны әріптестері мереке қарсаңында құттықтап, гүл шоғын сыйлап қуантты.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев