Алматыда роботтандырылған көмекші арқылы қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа қашықтан операция жасалды.
Операцияны Париж, Пекин және Алматыдағы хирургтар кезекпен басқарды. Бүйректегі ісік жабық операция әдсімен алынды. Отаны Францияда отырған профессор арнайы басқару құрылғы арқылы бастады. Одан кейін біздің хирургтар жалғастырды. Бүйректі сақтап, обырды алып тастау операциясын қытайлық дәрігерлер аяқтады. Мұндай әдіс операцияны қашықтан әрі жылдам жасауға мүмкіндік береді. Одан кейін робот көмекшінің мінсіз қызметі сау ағзаны сақтап қалуға көмектеседі. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтындағы бірегей операция тікелей эфирде көрсетілді. Оны еліміздегі барлық онкологиялық орталық мамандары көрді.
Әсет Аханұлы, «Қазақ онкология және радиология» ҒЗИ АҚ онкоуролог дәрігері:
- Осы пациент біріншілік көпошақты рак диагнозымен жатыр. Яғни бұрын онда сигма ішегінде обыр болған, оған операция жасалған. Қазір оның диагнозы бүйрек обыры. Бүйрек обырына мүшені сақтап қалумен жасалатын операция резекция деп аталады. Сол бүйректің резекциясы жасалады осы жерде. Яғни бүйрек қалады, тек обыр алынады.