Current Date: 20-07-2025

Мәйіттік донор: Марқұмның ағзасы 3 адамға жаңа өмір сыйлады

Астанада миы тоқтап, өмірден өткен адамның ағзалары үш адамның өмірін құтқарды. Ұлттық ғылыми онкология орталығының мәліметінше, марқұмның бауыры мен бүйректері трансплантацияға мұқтаж үш науқасқа салынған. Қазір олардың жағдайы бірқалыпты.

Мәйіттік донордан алынған бүйректің бірі 40 жастағы Есен Байленовке салынды. Ол 6 жыл бойы гемодиализге тәуелді болған. Өткен айда 7 науқастың ішінен марқұмның бүйрегі Есенге сәйкес келіп, 8 сағаттық ота сәтті өтті.

Есен Байленов, реципиент:

Мен 24 маусым күні өмірге қайта келдім. Мамандар хабарласып, маған донор табылғанын айтты. 6 жыл бойы аурудың зардабын тартып, емхананың табалдырығын тоздырдым. Енді, міне, дәрігерлердің көмегімен, донор туыстарының келісімімен қайта аяққа тұрдым. Ішкі күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Ал бір жыл бойы донор күткен Айдос Айтмағамбеттің де үміті ақталды. Туыстарының ешқайсысы бүйрегін бере алмаған соң, оған қажетті бүйрек мәйіттік донордан табылды.

Айдос Айтмағамбет, реципиент:

Денеңіздегі маңызды мүшелер жұмыс істеген жоқ. Қазір мүше жұмыс істеп тұрғаннан кейін организмде өзгерістер байқалады. Өзіңізді жақсы сезінесіз. Диализге бармайсыз. Диализге барған сайын адам ауырады. Көп адам диализ көтере алмайды. Солардың қатарында едім.

Сондай-ақ 45 жастағы Сәуле Жаркеева 6 жылдан бері бауыр циррозымен күресіп келген. Бұған дейін үш мәрте ағза табылса да, сәйкестік болмаған. Бұл жолы анализдер сәйкес келіп, сау бауыр салынды.

Сәуле Жаркеева, емделуші:

Бұған дейін туысым донор болғысы келді. Бірақ сәті түспеді. Мен сонда да донор табылады деп, күдер үзгенім жоқ. Бұл жолы ағза ауыстыруға үміткерлер өте көп болды. Менде бәрі сәтті өтті. Жағдайым түзеліп келеді. Бұйыртса, отбасыммен жақын күндері қауышамын.

Мамандардың айтуынша, ағза ауыстыруда шешімді дәрігер емес, медициналық ақпараттық жүйе қабылдайды. Донор мен науқастың тіндік және қан тобы сәйкестігі автоматты түрде анықталады. Заң бойынша мәйіттік донор тек бас-ми өлімі тіркелген жағдайда ғана рұқсат етіледі. Алайда мұндай донорлар елімізде аз. Салдарынан жыл сайын кезекте тұрған 350-400 адам көз жұмады.

Мэлс Асықбаев, Ұлттық ғылыми онкология орталығының трансплантолог дәрігері:

Елімізде мәйіттік трансплантация өте аз жасалынады. Былтырғы көрсеткіштерді алатын болсақ, еліміздегі 15-16-ға жуық бүйрек трансплантациясы – мәйіттік. Оның ішінде былтырғы көрсеткіш бойынша алтауы біздің орталықта жасалды. Күту парағында тұрған 3500-нан аса пациент бар. Оның ішінде кіші жастағы балалар да бар.

Дәрігерлердің сөзінше, мәйіттік донор жүйесі жүйелі жолға қойылса, жыл сайын мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға болады.

Динара Жарқынбек