Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстандағы доллар бағамына қатысты болжам жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, алдағы уақытта доллар бағамы төмендеуі мүмкін.
"Менің және әріптестерімнің болжамы бойынша доллар бағамы кері кетеді. Ол көтерілмейді. Бұған дейін де мұндай жағдайларды талай рет көрдік, бағам тұрақталды. Ұлттық банк бұл үшін бар күшін салады деп ойлаймын, нарық та өз ретімен жұмыс істейді", – деді ол.
Сондай-ақ, Роман Скляр Ұлттық банк мемлекеттік органдар жүйесінде дербес құрылым екенін және Үкіметке бағынбайтынын еске салды.
"Ұлттық банк мемлекеттік билік органдары иерархиясындағы жеке құрылым екенін де түсіну керек. Ол Үкіметке бағынбайды. Олар өздері дұрыс деп санайтын ақша-кредит саясатын жүргізеді", — деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін ақша айырбастау орындарында доллар бағамы 550 теңгеден асып кеткені хабарланды. Кейін Ұлттық банк долларға қатысты ахуалды түсіндірді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз