Current Date: 14-03-2025

Түркияда блогерлер салық төлеуге міндетті

Қазіргі таңда бұл сала мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынған .

Әлеуметтік желіден табыс табатындар 31 наурызға дейін салық органдарына есеп беруі тиіс. Өйтпеген жағдайда, 3 есе айыппұл төлеп, тіпті қатаң шаралар қолданылуы мүмкін.

Түркияда әрбір табыс табатын блогер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «салық төлеуші құжатын» алуы тиіс. Сондай-ақ жыл сайын оны декларацияда көрсетуі міндет. Басты ереже блогерлік жұмыстан келетін кіріс тек ғана түрік банктерінде ашылған есеп-шот арқылы ғана жасалуы тиіс.

Дилара Акмил, блогер:

YOUTUBE.COM/DILARA TUNES

- Әлеуметтік желіде ақша табатын адамдар да экономиканы қолдап, салық төлейді. Біз өзіміз бастаған кезде компания ашып, сол арқылы салық төлеп жүрдік. Интернет арқылы тапқан табысқа салық салу біз үшін үлкен жаңалық болды. Жаңа заң бізге салықты аз төлеуге мүмкіндік берді. Біз бұрын 30% табыс салығын төлеп келген болсақ, қазір 15% ғана төлейміз. Бұл бізге үлкен қолдау. Сондықтан интернет арқылы ақша табатындардың салық төлемейді деген түсінік қате. Әр табысқа салық салынады.

2022 жылы қолданысқа енген заң бойынша блогерлер табысының 15% салыққа кетеді. Ал жеке табыс салығының мөлшері кіріске байланысты өзгеріп отырады. Мәселен,

2025 күнтізбелік жылға арналған табыс салығы тарифі

158.000 лираға дейін 2.125.000 теңгеге дейін 15%

330.000 лираға дейін 4.440.000 теңгеге дейін 20%

800.000 лираға дейін 11.000.000 теңгеге дейін 27%

4.300.000 лираға дейін 57.000.000 теңгеге дейін 35%

4.300.000 лирадан жоғары 57.000.000 теңгеден жоғары

Кенжетай Әліп, заңгер:

- 2021 жылы салық саласына өзгеріс енгізілді. Және ол жыл сайын жетілдіріліп келеді. Егер блогер табысын жасырып, басқа шоттарға аударса немесе басқа заңсыз әрекеттер жасаса, онда ол салық органдары тарапынан жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Жалпы мұндай жағдайда біз заңгерлер «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деп кеңес береміз.

Түркияда салық төлемеген жағдайда бірнеше шаралар қолданылады. Алдымен, салықтан жалтарған тұлғаға үш есе айыппұл салынады. Егер заң бұзушылық жалғасса, құқықтық процестер басталып, мүлкіне тыйым салынып, банктегі шоттары бұғатталуы мүмкін. Ал жағдай қайталанса, қаржылық санкциялар қолданылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айта кеткен жөн, бұл ережелер тек ел жұртына емес, шетел азаматтарына да қатысы бар. Өйткені Түркияда 6 айдан астам тұратын әр блогер табысын көрсетіп, салық төлеуге міндетті.

Меруерт Қанағат