Алматы облысында қар көшкіні жүрді. Оқиға "Ақбұлақ" тау шаңғы курортында болды, деп хабарлайды Kazinform.
Агенттіктің хабарлауынша, 10 наурыз түскі сағат 15:50-де "Ақбұлақ" тау шаңғы курортында, теңіз деңгейінен 2664 метр биіктікте, көлемі 300 текше метр болатын қар көшкіні өздігінен жүрді.
Облыстық ТЖД өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, көшкін сайға түскен. Зардап шеккендер мен қираулар жоқ.
Оқиға орнына "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі, Алматы облысының ТЖД және курорт әкімшілігінен 5 маман мен 3 техника шыққан.
"Жағдай бақылауда. Мамандар курорт аумағындағы қар жамылғысына мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр", — деп хабарлады Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.