Фильмі 25 қыркүйекте Сан-Себастьян кинофестивалінде алғаш таныстырылады.
Қазақстан мен Испанияның бірлескен жобасы – "Бітім" (La Tregua) көркем фильмі беделді Сан-Себастьян кинофестивалінде көрсетіледі. Кейін фильм Қазақстан мен әлемдік кинотеатрларда және Netflix платформасында ұсынылады. Бұл туралы киноның продюсерлері Алматыда өткен баспасөз жиынында хабарлады.
Фильмді түсіруді Netflix және Amazon платформаларымен жұмыс істейтін испаниялық Plano a Plano студиясы қолға алған. Бірнеше жылға созылған копродакшн келіссөздері отандық Amanat Capital және Umai Film компанияларының қатысуымен нақты жүзеге аса бастады.

"Бітім" – ең алдымен, адам және оның қадір-қасиеті туралы кино. Бұл саясат емес, адами мейірім мен үміт жайлы әңгіме. Қандай қиын жағдайда болса да, адам эмпатиясын сақтап, түсіністік таныта алады. Бұл фильм арқылы әлем Қазақстанды тек ауыр тарихымен емес, адамға құрмет пен қонақжайлылықтың мекені ретінде таниды деп сенемін", – деді фильмнің бас продюсері Ерлан Бекхожин.
Ал бас продюсер Аманат Қонақбаевтың айтуынша, түсірілім жұмыстары халықаралық стандарттар бойынша жүзеге асырылған. Бұл тәжірибе отандық кино саласын жаңа деңгейге көтерген.
"Бұл фильм – түнектен жарыққа бастар жол туралы. Мұнда бастысы – саяси жүйелер емес, адамдар. Әр кейіпкер ауыр сынақтардан өтеді, сол арқылы махаббат пен мейірім табады", – деді режиссёр Мигель Анхель Вивас.
Amanat Capital продюсері Дәурен Байғалиевтің түсіндіруінше, жобаның 70%-ын испан тарапы, 30%-ын қазақстандық жеке инвесторлар қаржыландырған.
"Бұл – мемлекеттік қолдаусыз іске асқан іскерлік жоба. Біз үшін бұл – халықаралық дистрибуцияны үйренудің алғашқы мектебі", – деді ол.

Фильм сюжеті тарихи деректерге негізделген. Кеңес заманындағы ГУЛАГ жүйесінің ірі лагерлерінің бірі – ҚарЛАГ-та жүздеген испан азаматы жазасын өтеген. Бұл дерек тек 2013 жылы Қазақстан Испания премьер-министріне 152 мұрағаттық істі тапсырғаннан кейін белгілі болды. Сол материалдар мен "Қарағандыда ұмыт қалғандар" деректі фильмі "Бітім" сценариінің негізіне айналған.
Фильмдегі басты кейіпкер Айсұлудың рөлін актриса Дина Тасбулатова сомдайды.
"Бұл менің алғашқы халықаралық жобам әрі бірден Netflix үшін. Алғашқы түсірілім күні лагерьге жаңадан келген испан тұтқындарын тексеру көрінісі болды. Кенет Арон Пипердің өзі қарсы алдымда тұрғанын көріп, таң қалдым", – деді ол.
Айта кетейік, бастапқыда түсірілім Қарағандыда өтеді деп жоспарланған. Алайда 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін испандық сақтандыру компаниялары жобаны Қазақстанда сақтандырудан бас тартқан. Сөйтіп, түсірілім Dima ауылында (Бизкайя провинциясы) жүргізілді. Мұнда арнайы ҚарЛАГ үлгісіндегі барактар мен күзет мұнаралары бар декорация салынды. Қазір бұл жер туристік нысанға айналып отыр.
"Біз бұл жобадан үлкен сабақ алдық. Бұл – халықаралық деңгейде жұмыс істеу үшін қандай стандарттар қажет екенін көрсеткен тәжірибе болды", – деді Umai Film продюсері Жарасхан Күлпиенов.