Current Date: 14-03-2025

Мәжіліс жаңа Су кодексін қабылдады

Мәжіліс жаңа Су кодексін қабылдады.

Құжатта су ресурстарын сақтау басты қағидат ретінде бекітілді. Тағы жер қойнауын пайдалануға шектеу қойылды. Бірақ Каспий теңізінде көмірсутектерді барлау және өндіру, сондай-ақ тұз бен емдік балшық өндіру үшін ерекше рұқсат берілген. Сонымен қатар экологиялық ағын ұғымы енгізілді. Бұл су қоймаларында міндетті түрде сақталуы тиіс су көлемі. Ал кәсіпорындарға тіршілік көзін үнемдеу технологияларын енгізу міндеттеледі. Айналымдық немесе қайталама су пайдалану жүйесіне көшу қарастырылған. Тағы айта кету керек, енді су объектілеріндегі заңсыз құрылыстарға айыппұл күшейтіледі. Бүгін мәжіліс депутаттары осындай түзетулерді де қабылдады. Жаңа өзгерістерге сәйкес заңсыз су алу, су қорғау аймақтарында құрылыс салу, тіршілік көзін пайдалану шарттарын бұзу, су арналары мен шекараларын өзгерту секілді құқықбұзушылықтар үшін жазалар күшейтіледі. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстарды уақтылы тексермегені немесе қауіпсіздік декларациясынсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік енгізіледі. Бұл түзетулер су объектілерін қорғау және оларды тиімді басқару шараларын күшейтуді көздейді, дейді төменгі палата өкілдері.