UFC сарапшысы әрі бұрынғы октагон жұлдызы Джош Томсон қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмоновтың (19-0) мансабына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жеңіліссіз рекордқа ие спортшының ұзақ уақыт бойы жекпе-жекке шықпауы болашағына кері әсер етуі ықтимал, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеп.
«Шавкат әзірге белгілі бір деңгейде қалып қойғандай көрінеді. Бұған психологиялық фактор әсер ете ме, әлде рейтингтегі орны ма – оны дөп басып айту қиын. Себебі ол әлі үздік бестікке кіретін қарсыластармен айқасқан жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: ұзақ үзіліс оның қарқынын бәсеңдетіп, келесі қарсыластарына қарсы қиындық туғызуы мүмкін. Өйткені енді оған тек ең мықты спортшылар қарсы шығады», – деді Томсон EssentiallySports басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында октагонға шықты. Ол кезде қазақстандық файтер Белал Мухаммедпен титулдық айқас өткізуге тиіс еді. Алайда қарсыласы денсаулығына байланысты жарысқа қатыса алмады. Оның орнына ирландиялық Иэн Гэрри шыққан болатын. Бұл кездесуде Рахмонов алғаш рет қарсыласын мерзімінен бұрын емес, төрешілер шешімімен жеңді. Соған қарамастан, ол өз рекордын сақтап, жеңіліссіз сериясын жалғастырды.