Current Date: 10-09-2025

Түркістан облысында археологтар су астынан ежелгі жәдігерлерді тапты

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ археологтары су астынан ежелгі жәдігерлерді тапты, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, Zhanibekov University археологиялық орталығының зерттеушілері Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасында барлау жұмыстарын жүргізген.

Қазба жұмысын жүргізіп жатқан археолог. Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

"Биыл жыл басынан басталған қуаңшылықтың салдарынан қойманың арнасы тарылған еді. Су қоймасы астында қалған тарихи-мәдени ескерткіштерге экспедиция бір аптаға жалғасып, нәтижесінде құнды жәдігерлер табылды.

Бұл жәдігерлер – кейінгі палеолит пен мезолит кезеңіне тиесілі еңбек құралдары. Бір жерде шоғырланған кейінгі палеолит кезеңіне тиесілі 10-ға жуық халцедон тасы, нуклеустер және кесуге, жонуға арналған тас пластиналар бар. Су эрозициясы нәтижесінде тас кезеңіне тиесілі жәдігерлер мұқият зерттелінді", — делінген хабарламада.

ежелгі тастар
Ежелгі тастар. Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сонымен қатар кейінгі қола дәуіріне жататын бірнеше жерлеу орнына қазба жұмыстары жүргізілген.

Табылған керамикалық ыдыс
Табылған керамикалық ыдыс. Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Нәтижесінде сырты геометриялық сызықтармен безендірілген керамикалық ыдыстар, сондай-ақ ортаңғы бөлігі қоладан жасалып, сырты алтынмен көмкеріліп қапталған самай әшекейі, шығыршық, қоладан жасалған қос білезік, кенерлі сырға мен бас киімді әсемдеуге пайдаланған көптеген ұсақ моншақ табылған. Алайда жерлеу орнында адам мүрдесі нашар сақталған.

табылған ежелгі жәдігерлер
Табылған ежелгі жәдігерлер. Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Археологиялық орталық жетекшісі А.Подушкин, ғылыми қызметкер Г.Стамқұлованың айтуынша, Түркістан облысы аумағынан әлі күнге дейін бұл кезеңге тиесілі осындай бұйымдар табылмаған.

Археолог табылған ежелгі ыдысты көрсетуде
Археолог табылған ежелгі ыдысты көрсетуде. Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Экспедиция кезінде қаңлы-сармат кезеңіне жататын жерлеу орны да анықталған. Бұл жерде жауынгердің жанынан үш қанатты, қанаттары төменге қаратылған сапты жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, құмыра және тоға табылған.

табылған ежелгі ыдыс
Табылға ежелгі ыдыс. Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

"Б.з.д. І ғ. – б.з. І ғ. мерзімделеді. Бұған қарап өңірде көне дәуірден бастап адамдардың толассыз мекендеуі жалғасып отырғанын байқауға болады", — делінгее хабарламада.

Қазба жұмыстары өңірдегі Ұлттық тарихи-мәдени қорық қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген. Жәдігерлер зерделеніп, кейіннен мұражайға өткізіледі.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз