Current Date: 14-03-2025

АҚШ-та дүлей дауыл тұрды

Табиғаттың тосын мінезі әлемнің бірнеше елін тығырыққа тіреді, деп хабарлайды 24kz.

АҚШ-та дүлей дауыл тұрып, тұрғындар жарықсыз қалды. Боливия, Испания мен Мозамбикте жауған нөсер соңы алапат тасқынға ұласқан. Тұрғындар: «Үкімет тарапынан көмек болмай жатыр», - деп шағымданады.

АҚШ-тың оңтүстігіндегі Техас штатында дауыл тұрып, үйлерді қиратып, шатырларын жұлды. «Рейтердің» хабарлауынша, желдің екпіні сағатына 145 шақырымға жеткен. Сондай-ақ күрежолда 7 жүк көлігі аударылып қалды. Жол апатынан 1 адам қаза тауып, 3-еуі жараланған. Дауыл салдарынан 20 мың тұрғын жарықсыз қалды. Сондай-ақ аймақта жай түсіп, бұршақ та жауған.

Боливияда лай көшкіні үйлерді басып қалды

Боливия астанасы Ла-Пас жақын маңда жаңбыр жауып, лай көшкіні жүрді. Табиғи апат үйлерді басып қалып, 40 отбасы зардап шеккен. Баспанасыз қалған тұрғындар үкімет көмектеспей жатыр деп шағымданады. Мамандар аймақта жауын-шашынның кейінгі кезде жиілегенін айтады. «Бұл топырақты ылғалдандырып, лай көшкінін тудырады», - дейді олар.

Испанияда су қоймасы тасып жатыр

Испанияда толассыз жаңбыр жауып, Авила қаласындағы су қоймасын деңгейінен асырып жіберді. Бұл шаһарға және жақын маңдағы басқа елді мекендерге қауіп төндіріп тұр. Кейбір тұрғындар: «Судың бұлай тасығынан кейінгі 30 жылда алғаш рет көріп тұрмын», - дейді. «Климаттың өзгеруі аймақтың күн райына әсер етіп, жауын-шашынды жиілетті», — дейді мамандар.

Мозамбикте нөсер соңы тасқынға ұласты

Мозамбикте «Джуде» дауылы соғып, жауын-шашын әкеліп, оның соңы алапат тасқынға ұласты. Жаңбыр 24 сағат толассыз құйған. Салдарынан аймақтағы инфрақұрылым қирап, мыңдаған тұрғын үйсіз қалды. Электр желілері де үзілген. ЮНИСЕФ зардап шеккен адамдарға төсек-орын бөлуге шешім қабылдады. Ел үкіметінің тарапынан мүлде қолдау болмай жатыр.

Авторы: Ернат Рахметолла