0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Атырау облысында тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді. Мамандар әсіресе соңғы екі жылда елді әбігерге салған Ойыл өзенін қырағы бақылап отыр. 7 ауылдық округті аудан орталығымен байланыстыратын көпірді былтыр қарғын су бұзып кетіп, қатынас қиындаған еді. Биыл жауаптылардың қам-қарекеті қандай? Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт Қызылқоға ауданына арнайы барды.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Екі жыл қатарынан келген тасқын кезінде Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылына қауіп төнгендіктен кіре беріс жол екі рет жырылған еді. Сондықтан жауаптылардың ұйғарымымен дәл осы жерге көпір салынған болатын. Енді мамандардың айтуынша келген нөпір су бұл жерден еш кедергісіз ағып өте береді.
Қызылқоғалықтар биыл да тасқыннан қауіптеніп отыр. Әсіресе, наурыздың алғашқы күндерінде толассыз жауған қар, айлық мөлшерден 2 есе асып түсті. Аудан орталығының өзінде қардың қалыңдығы жарты метрге жетеді.
Сағат Нұржанов, Жасқайрат ауылының тұрғыны:
Жалпы қорқыныш бар ғой, енді. Былтыр су жақсы келді біздің үйге тақалды өзім шет жағында тұрамын. Биыл енді онанда 2 есе келеді деп жатыр ғой.
Жауаптылар биыл тасқынға қарсы ерте қимылдады. 9 ауылдық округті қоршай 41 шақырымнан астам бөгет соғылды, былтырғы бұзылған учаскелер қайта жөнделді. Негізгі жұмыстар аяқталып, қазір Жасқайрат және Миялы ауылдарының маңайындағы 2,5 шақырымдық бөгет биіктетіліп жатыр.
Мақсат Төкенов Аудан әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы:
Ойыл өзені, Ноғайты, Сағыз өзендерінде су тасу қаупі жоғары өте. Аудан бойынша 24 эвакуациялау орын бар. Қажетті құрал жабдықтар әзірленді 66 мың дана қапшығымыз бар, 6 жүзу құралы арнайы техникаларамыз 50-дің үстінде және әр округте жеке құрам дайын.
Тасқынның алдын алуға биыл да қомақты қаржы бөлінді. 796 млн теңге. Қосымша аудандық резервтен тағы 79 млн теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, Ойыл өзені бастау алатын көршілес Ақтөбе облысымен де мамандар хабар алысып, жағдайды назарда ұстап отыр.
Бақтыбек Төлегенов, Аудандық ТЖБ басшысы:
Ойыл өзеніне судың келу деңгейі бойынша Казгидрометтің филаилы бойынша нақты ақпараттар алмасып отырмыз. Қазір енді Миялы ауылының Ойыл өзені бойында гидробекеттер орнатылды. Күндегі ақпарат су деңгейі бойынша алынып отыр. Ақтөбе облысында күннің аяз болуына тонның қалың болуына байланысты Миялы ауылына қауіп төндіреді деген болжам бар.
Былтыр су шайып кеткен Индер-Қарабау-Миялы күре жолының бойындағы 14 учаскеге су өткізгіш құбыр салынып, арнасы қосымша тазаланып жатыр. Болжам бойынша Ноғайты, Ойыл өзендері наурыздың 24-і мен сәуірдің 4-і аралығында тасиды.
Нұрсұлтан Нұрсейіт