0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Биыл ғылым саласына 250 млрд теңге бөлінеді. Мемлекет осылайша зерттеу орталықтарын көбейтіп, ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартпақ. Бүгін Үкімет отырысында министр Саясат Нұрбек отандық академиктердің бірқатар өнертабысын таныстырды. Сонымен, салада қандай жаңалық бар? Премьер-министр қандай тапсырма берді? Айя Мүтәлі тарқатады.
Отандық акамедиктердің жаңалығы аз емес. Өскемен ғалымдары ойлап тапқан титан имплантын бүгінде 40-тан астам отаға пайдаланған. Биологиялық инертті өнімді буын сүйектерімен алмастырғанда денеге ешқандай реакция бермейді, шірімейді, дейді Саясат Нұрбек. Енді оны әлеуметтік осал топ өкілдері үшін тегін жасатпақ. Бағасы әлдеқайда арзан болатынын айтады.
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті басқарма төрағасы — ректор:
Біздің пакетімізде бірнеше жобамыз бар. Енді соларды коммерцияландыруға дайындаймыз. Әрі қарай серіктес іздеп, осындай стартап компаниялар ашып, әрі қарай ғылымды дамытамыз.
Ал қатерлі ісікке қарсы әзірленіп жатқан отандық препарат жыл соңына дейін ресми тіркеуден өтіп, сатылымға шығуы мүмкін. Өнім бұған дейін бірнеше сынақтан өткен. Зерттеуге қатысқан науқастардың ісігі 30 пайызға азайыпты. Бұдан бөлек, отандық ғалымдар отқа жанбайтын, радиацияға тозбайтын кабельдер ойлап тапты. Оны енді құрылысқа, өнеркәсіпке, теміржол мен әуежайда пайдаланбақ.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Былтыр экспортқа бірінші үлкен партиямыз кетті. Өзбек теміржолдары тапсырыс берді. Қазір өзбек теміржолдарында халықаралық ұлттық компаниясында бұл кабельдер қолданылады.
Ғылым саласында 25 мыңнан астам адам еңбек етсе, оның тең жартысының жасы 40-тан асқан. Салаға жастарды тарту үшін мемлекет олардың әлеуметтік жағдайын жақсартпақ. Қазір жас маманның жалақысы 300 мың теңге. Ғылыми дәрежелеріне қарай еңбекқасы артып отырады.
Жайық Тоқтаров, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары:
Қазіргі таңда 61 пәтер Алматы қаласының жас ғалымдарына берілді. Бұл мәселені әрі қарай жалғастыру аясында Астана қаласынан да берілейін деп шешіліп жатыр. Өңірлерге де осы үрдісті жалғайық деп отырмыз.
Бүгінде инфрақұрылымды дамыту жағы ақсап тұр. Ғалымдарға қажетті зертхана ескірген, заманауи жабдықтар жоқтың қасы. Осы ретте Үкімет басшысы бірқатар тапсырма жүктеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Ғылым технологиясы жоғары, экспортқа бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашуға өз үлесін қосуға тиіс. Өндірістерді локализациялау, экспорттық өнім шығарудың жаңа технологияларын әзірлеу барысында бизнеске қолдау көрсету керек.
Айя Мүтәлі, тілші:
Сондай-ақ Олжас Бектенов саланы цифрландыру бойынша нақты үш тапсырма берді. Яғни, ғылыми қалашықтарды құрып, инвестиция тарту, сондай-ақ жыл соңына дейін цифрлық ғылым порталын іске қосуды жүктеді. Ал онда барлық жобалар, гранттар мен зерттеу нәтижелері қамтылуы тиіс.
Айя Мүтәлі