Қазіргі қоғам "тәуелділік" атты жаңа дертпен толықты. Ойынқұмар, нашақор, алкогольге, интернет ойындарға тәуелді адамдар қатарының күн санап көбеюі бұл терминнің қолданысқа енуіне де себеп . Психолог Әлияш Есенмұратқызы "тәуелді" адамның жалпы сипаты қандай және тәуелділікке бейім адамды қалай тез тануға болатынын айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әлияш Есенмұратқызының айтуынша, өзінен тәуелділіктен арылуға көмектесуді сұрайтын жандар көп. Психологтың алдына келген "тәуелділер" қатарында жасөспірім бала да, отбасын асырайтын еркек те, күштік құрылымдарда жұмыс істеген жандар да, тіпті, әкім-қаралар да бар.
"Тәуелді адамның портреті тап осындай болады деп белгілерін айту қиын. Десе де, белгілі бір психологиялық, мінез-құлықтық және эмоционалдық белгілер арқылы тәуелді адамды сипаттай аламыз.
Біріншіден, эмоциялық белгілер ерекше байқалады. Ештеңеге қызықпау, немқұрайлылықкөңіл-күйдің күрт өзгеруі, жақсы көңіл-күйден дереу ашуға, депрессияға ұшырау, жалғыздықты жиі сезіну, өзін ешкімге керек емес деп қабылдау. Тәуелді адам шынайы өмірмен бетпе-бет келуден қашады. Екіншісі — мінез-құлықтық белгілер. Өтірік айту (өзіне де, өзгеге де). Міндеттемелерден қашу, жауапкершіліктен жалтару, манипуляция – басқаларды өз мақсатына жету үшін пайдалану. Одан бөлек жұмыс пен оқудағы тәртіпсіздік, отбасындағы тұрақсыздық, өзінің тәуелділігін жасыру, қорғап шығу, ақтап алу. Яғни, "менде проблема жоқ" деген кейіп танытады", — дейді ол.
Одан бөлек әлдебір дүниеге тез тәуелді болатын адамдардың әлеуметтік белгілеріне де назар салуға болады.
"Айналасындағы адамдармен арақатынастың бұзылуы (отбасымен, достарымен ұрыс-керіс). Жалғыздану, оқшаулану, шынайы байланыстарды жоғалту, жаңа әлеуметтік ортаның пайда болуы – көбіне сол тәуелділікке байланысты адамдармен араласу.
Төртіншісі – физикалық белгілер. Бұл химиялық тәуелділікте қатты байқалады. Көз астында көгерген іздердің кездесуі, шаршаған бет-бейне, ұйқының бұзылуы, арықтау немесе шамадан тыс салмақ қосу, қолда ине ізі, терінің бозаруы, діріл, жиі бас ауруы, ішкі органдардың проблемасы.
Бесінші белгі — психологиялық сипат.
Тәуелді адамның ішкі фокус бақылауы әлсіз болады. Ол өзінің өмірін басқара алмаймын деп ойлайды. Өзін тым төмен бағалайды, сенімсіздік басым. Қиындықпен күресу дағдылары жоқ – ауыр жағдайдан тек қашу жолын таңдайды. Бақыт пен ләззатты тек сырттан іздейді, ішкі тыныштық жоқ. Өз эмоцияларын танымайды, баса алмайды. Тәуелді адамдардан осы белгілердің басым көпшілігі байқалады", — дейді Әлияш Есенмұратқызы.
Маманның айтуынша, тәуелділік – ауру. Бұл ауруды емдейтін оңалту орталықтары бар. Әлемде 141 ел тәуелділіктен арылуға бағытталған 12 қадамды бағдарламаны қолданып отыр. Ресми статистика бойынша, осы қадамдардан түгел өткен 6-10 адам ғана тәуелділіктен арылады.