Current Date: 14-03-2025

Петропавл мен 7 ауданда мұз жарылады

Солтүстік Қазақстан облысы мұз жару жұмыстарын бастады, деп хабарлайды 24KZ. Төтенше жағдайлар қызметі Петропавл қаласы мен 7 ауданда көктемгі тасқынның алдын алу шараларын өткізді. «Бұл қалың мұздың ерте сөгіліп, тез ыдырап кетуі үшін қажет», – дейді мамандар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Біз қазір Петропавлдан 30 шақырым жерлегі Соколовка ауылындамыз. Елді мекеннің іргесінде Есіл өзені ағады. Қазір мамандар мұзы ойып, жарылғыш заттарын қойып жатыр.

«Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы 50 сантиметр. Ертең оның көбесі сөгіліп, сең жүрсе кесек-кесек мұз кептеліп, су көтеріліп кетеді», – дейді мамандар. Сондықтан күн жылынбай тұрып мұз жару жұмыстары жүргізіледі.

Асхат Әлмұқан, мердігер ұйым директорының орынбасары:

- Су тасқыны болатын кезде «ледяной затор» деген ұғым бар. Сол кезде мына жерде мұз тұрмайды да, тура өтіп кетеді. Мына жерде тұрған үйлер ешқандай суға батпау үшін сол үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Биыл облыс бойынша мұз жаратын 51 орын белгіленді. Оның басым бөлігі Есіл өзенінде атқарылады. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар ең алдымен көпірлердің маңы мен арна бұрылыстарында өткізіледі.

Әсет Шайкин, ТЖД басқармасының бастығы:

- Мұз жару жұмыстары Сілеті, Шат өзендерінде де жүргізіледі. Айыртау, Ғабит Мүсірепов аудандарындағы Есіл сағалары да назардан тыс қалмайды. Қауіпті аумақтарды арнайы комиссия анықтады. Бұл шараға сарапшы мамандар тартылды.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері көктемде су басуы мүмкін деген 116 елді мекенді бақылауға алды. Синоптиктердің болжауынша, өзен-көлдер еріген қар суынан сәуірдің басында көтеріле бастайды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков