Current Date: 14-03-2025

Чемпиондар лигасы: «Барселона» ширек финалға алғаш болып жолдама алды

Футболдан Чемпиондар лигасының 1/4 финалына алғаш болып «Барселона» командасы жолдама алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Испаниялық команда турнирдің 1/8 финалында Португалияның «Бенфика» командасымен күш сынасты.

Кездесуде алғаш болып, есепті 11-минутта «Барселона» сапынан бразилиялық Рафинья ашты. Арада екі минут өтер-өтпес португалиялық ұжымнан Николас Отаменди бұрыштама добынан есепті теңестіріп кетті.

Дегенмен «Барселона» қарқынын тоқтатқан жоқ. 27-минутта жас талант Ламин Ямал командасын алға шығарса, бірінші таймның бітуіне 3 минут қалғанда Рафинья екінші голын салды. Есеп — 3:1. Кездесудің екінші таймында есеп өзгеріссіз қалды.

Айта кетейік, бұл қос команда арасындағы екінші кездесу болатын. Португалияда өткен ойында «Барселона» 1:0 есебімен жеңіске жеткен.