Мәжілісмен Асхат Рақымжанов өзінің депутаттық сауалында жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне қатысты мәселелерді қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың айтуынша таяуда Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданына қарасты Рубежинское ауылының тұрғындарымен кездескен. Аудандағы ең өткір мәселе жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі. Әкімдіктің мәліметінше, ауданға 22 ауылдық округ кіреді, олардың 2-уі ғана нормативтер бойынша жайылымдармен толық көлемде қамтамасыз етілген екен.
«Аталған аудандағы жергілікті тұрғындардың айтуынша, 2000 жылдардың бас кезінде мал саны құжаттары бойынша ғана есептелген шаруашылыққа жер бөлінді. Сондай-ақ кейбiр адамдардың мемлекеттiк жер кадастры базасына қол жеткiзуiне байланысты ауылдық аумақтардың шекараларын өз бетiмен өзгертуге байланысты алаяқтық жасау да жоққа шығарылмайды», деді депутат.
Осы және басқа да келеңсіздіктерді айтқан депутат жалпы Қазақстандағы жайылымдардың жетіспеушілігі туралы мәселе қозғады.
«Қазақстанның 17 өңірінің 15-інде жайылым тапшылығы бар, бұл жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басының көбеюіне байланысты деп айтқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымы мені таң қалдырады.
Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы ведомствосында тіркеумен айналысуды тоқтатып, мал басының және агроөнеркәсіптік кешен статистикасының нақты санағын жүргізу қажет», деді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша біздің жерлер деградацияланып жатыр. Демек, таяу болашақта біздің ресурстарға бай еліміз азық-түліктің көп бөлігін импорттауға мәжбүр болады.
«Үкіметке жарқын болашақты қағазда уәде етуді тоқтататын кез келді.
Бүгінде жер телімдерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар тарапынан ұқыпсыз қарым-қатынастың салдарынан эрозияға ұшыраған және эрозияға қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы 90 млн гектардан асады, оның 29,3 млн гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Миллиондаған гектар жер деген не екенін елестетіп көріңізші!», деді депутат Асхат Нұрмағамбетұлы.
Сонымен қоса, депутаттың айтуынша 175,3 млн га жайылымның 21,7 млн-ы деградацияланғанына назар аудару қажет. Олардың басым бөлігі, 67,3 млн га, шөлейт аймақтарға, тозған жайылымдарға (12,5 млн га), сондай-ақ шөлейт аумақтар мен шағын адырларға тиесілі.
«Ауыл шаруашылығы министріне еліміздің барлық өңірлеріндегі жайылымдарды басқару жоспарын жасауға, сондай-ақ оның осы мақсаттарға жарамдылық деңгейін талдауға қатысты мәселе қалай бақыланатынын хабарлауды және Бас прокуратурадан осы мәселелер бойынша заңдылықты сақтау мәселелері қалай қамтамасыз етілетінін сұраймын», деп сауалын аяқтады А.Рахымжанов.