Current Date: 14-03-2025

Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» кітабы оқырманға жол тартты


Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» кітабының таныстырылымы өтті.

Кітапта отбасы құндылықтары жайлы ой тұжырымдары топтастырылған. Кітап автордың өз өмірі мен тәжірибесіне сүйеніп жазылған. Жастарға отбасын құрудың жауапкершілігін, оның берекесі һәм бекемдігін сақтаудың нұсқаулары ұлттық құндылықтар мен заман ағымына сай қозғалады. Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Шараны белгілі ғалым Ербол Тілешов тізгіндеді. Өз кезегінде сөз алған Филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов кітаптың ұрпаққа берер тағылымына тоқталды.

«Ұлттық дәстүр мен рухани жаңғыруды қашан да дәріптеп жүретін Оразгүл Асанғазықызы бұл еңбегінде қазақ отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын, ата-ана мен ұрпақ арасындағы сабақтастықты, сондай-ақ, отбасылық берекені сақтау мәселелерін жан-жақты қарастырады. Қазіргі қоғамда бұл тақырып өте өзекті» — деді Әділ Құрманжанұлы.

Шараға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, журналистер, жастар және оқырмандар қатысты.

Кітапханада өткен кеш барысында кітаптан үзінділер оқылып, автордың ой-пікірлері мен ұсыныстары кеңінен талқыланды.